
53.1881, 63.7434
Қостанай облысы — Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бөлінісі. 1936 жылы 29 шілдеде бұрынғы Қостанай мен Торғай губернияларының негізінде құрылған.
Облыс орталығы – Қостанай қаласы (1879 жылы құрылған). Жер аумағы 196 мың км².
Географиялық орны
Қостанай облысы солтүстік-батысы мен солтүстігінде Ресейдің Орынбор, Челябі, Қорған облыстарымен, шығысында және оңтүстік-шығысында Қазақстанның Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарымен, оңтүстік-батысында Ақтөбе облысымен шектеседі.
Рельефі
Облыс аумағы негізінен жазық дала. Солтүстіктен оңтүстікке қарай тым созылып жатуына байланысты (740 км) әр түрлі физикалық-географиялық белдеулерден тұрады:
- батыс жағында Орал маңы үстіртін (250-400 м);
- солтүстігінде Батыс Сібір ойпатының (150-200 м) оңтүстік бөлігін;
- оңтүстігінде Торғай үстіртінің басым бөлігін (250-300 м);
- қиыр оңтүстік-шығысында Сарыарқаның батыс бөлігін (450-500 м) қамтиды.
Орал маңы үстірті негізінен, шығысқа қарай еңісетене келіп, солтүстігінде Золотая сопка (Алтын шоқы) тұсымен, оңтүстігінде Тобыл өзенінің жоғарғы ағысының аңғарымен шектеледі. Мұның оңтүстік жағында жекелеген шоқылар (Жетіқара тауы, 414 м, т.б.) кездеседі.
Батыс Сібір ойпатының оңтүстігін көл қазаншұңқырлары бар Қостанай жазығы мен Обаған-Есіл суайрығы және Есіл жазығы алып жатыр.
Облыстың оңтүстігіндегі Торғай үстіртінің солтүстік бөлігін көл қазаншұңқырлары мол Солтүстік Торғай жазығы (Құсмұрын көлінен Тобыл өзеніне дейінгі суайрықты), орта бөлігін Сыпсыңағаш қолатымен және Өлкейек, Қабырға, Теке, Сарысу өзендерімен тілімделген Торғай үстіртінің орта бөлігін қамтыған. Мұндағы суайрықтарда Қарғалытау (310 м), Теке (262 м), Қызбелтау (219 м) және Сарыадыр (360 м) төрткіл тау жұрнақтары, қиыр солтүстік-батысында Қоңыртау таулары орналасқан. Торғай үстіртінің жалғасы саналатын Оңтүстік Торғай жазығы Сарықопа көлінің оңтүстік бөлігін қамтиды. Ол Торғай мен Ұлы Жыланшық өзендерімен тілімделген
Облыс аумағының бір ерекшелігі - оның қиыр оңтүстік-батыстан солтүстікке қарай Торғай, Сарыөзен және Обаған өзендерінің аңғарларын қамти отырып, Тобыл өзеніне дейін жететін ұзындығы 700 км Торғай қолаты жатыр.
Облыстың ең биік бөлігі шоқылы келген Сарыарқа бөлігі. Мұнда Қарақұс (Шарықты шыңы 397 м), Көкшетау (478 м!, Қайыңдышоқы (569 м), т.б. көптеген тау шоқылары кездеседі.
Ұлы Жыланшық пен Қараторғай өзендерінің суайрығын Жыланшықтүрме қыраты алып жатыр.
Климаты
Облыс климаты тым континеттік. Қысы суық және ызғарлы, қаңтардың орташа температурасы солтүстігінде -18-19°С, оңтүстігінде -16-17°С. Кейбір қатаң жылдары -40°С-тан да төмен болады. Қысы ұзақ, қар жамылғысы 5 айға дейін жатады.
Жазы біршама ыстық, шілденің орташа температурасы 19-20°С. Кей жылдары 35-40°С-қа дейін жетеді.
Жылдық жауын-шашынның орташа мөлшері солтүстіктен оңтүстікке қарай 300 мм-ден 170 мм-ге дейінгі аралықта, оның 70-75% -ы жылдың жылы мезгілінде жауады.
Облыста қуаңшылық болып тұрады. Кейінгі 50 жылдың мәліметі бойынша қуаңшылық әр 10 жылда 3-4 рет қайталанған.
Желсіз күндер аз. Желдің жылдық орташа жылдамдығы солтүстігінде 4-4,5 м/с-тан, оңтүстігінде 5-6 м/с-қа жетеді. Солтүстігінде оңтүстік-батыс және оңтүстік желдер, оңтүстігінде солтүстік және солтүстік-шығыс желдер басым.
Белдемдері
Қостанай облысының солтүстік жіңішке бөлігін орманды-дала белдемі алып жатыр. Орманды жерлері негізінен әр түрлі бұталар өскен терек аралас қайыңды шоқтардан тұрады. Кей жерлерде олар едәуір алқапты қамтитын қайыңды орман өңірлерін құрайды. Дала белдемі әр түрлі шөбі басым селеу мен боздан тұрады, ал құрғақ дала белдемінде, негізінен, әр түрлі шөптер араласқан бетегелі-селеулі шөптер өседі. Дала және құрғақ дала белдемдерінің құмдақ топырақты жерлерінде қайың мен қарағайы басым Наурызымқарағай ормандары өскен. Наурызымқарағай шоқ орманы негізінде 1930 жылы мемлекеттік қорық (Наурызым қорығы) ұйымдастырылған.
Жануарлар дүниесі
Облыстың жануарлар дүниесі әр түрлі. Жыртқыш аңдардан - қасқыр, түлкі, қарсақ, күзен жиі кездеседі. Ақ қоян, ор қоян, құм тышқаны, сарышұнақ, аламан тышқаны, қосаяқ секілді кеміргіштер көп тараған. Орманды дала белдемінде елік, оңтүстіктің шөлейтті жерлерінде ақбөкендер жайылады.
Облыста құстардың да сан алуан түрлері мекендейді.
Су торабы
Қостанай облысы өзендер мен көлдерге бай. Өзендер Тобыл мен Торғай және Ұлы Жыланшық өзендерінің алабына жатады.
Тобыл өзенінің алабына жататын өзендер (Үй, Тоғызақ, Әйет, Желқуар, Шортанды) бастауларын Орал маңы үстіртінен, ал Обаған өзені Торғай қолатының орталық тұсынан алады.
Торғай алабындағы өзендер, негізінен, Торғай және оның салалары бастауларын Торғай үстіртінен (Өлкейек, Қабырға, Теке) және Сарыарқаның батыс беткейінен (Сарыөзен, Мойылды және Үлкен Дәмді, Жалдама, Қарынсалды, Тасты, Ащытасты, Қараторғай, Сарыторғай, Үлкен Сабасалды, Сабасалды, т.б.) алады.
Облыстың қиыр оңтүстігінде Торғай өзені алабынан бастау алатын Ұлы Жыланшық өзені Жақсы Ақкөлге құяды.
Қостанай облысында 7 мыңнан астам көл бар. Олар көбіне тұщы келеді. Тұзды көлдер Солтүстік Торғай жазығында, Сыпсыңағаш пен Торғай қолаттарының орталық тұстарында шоғырланған. Көлдердің ең ірілері Торғай қолатында (Сарықопа, Күйік, Ақсуат, Сарымойын, Құсмұрын, Алакөл, Теңіз, т.б.), облыстың солтүстік-шығысында (Қойбағар, Алабота, Тімтәуір, Жаншора, Биесойған, Сарыкөл, Сарыоба, Жасылбағар, Қарақамыс, Тоқта, т.б.), солтүстік-батысында (Шұбаркөл, Сасықкөл, Үлкен Бөрілі, Тоқтас, Жолжарған, т.б.), Солтүстік Торғай жазығында (Шыбындысор, Айқамыс, Қарасор мен Тентексор көлдер топтары, т.б.), Сыпсыңағаш қолатында (Қулыкөл, Кіндікті, Орқаш, Жақсыбай, Шоғыркөл, Мамыркөл, т.б.) және оңтүстігінде (Жалтырсор, Барақсор, Тентексор, Жаман Ақкөл, Жақсы Ақкөл, Ащы Ақкөл, т.б.) орналасқан. Кейбір тұзды көлдердің (Әулиесор, Сабынды, Қарабасты, Қарақалпақ, Жылысор, Балықты, Ақсуатсор, т.б.) емдік және курорттық маңызы бар.
Тобыл мен Торғай өзендеріне және олардың салаларында көптеген бөгендер мен суғару жүйелері салынған. Олар Тобыл өзені мен оның салаларында Жайылма, Жоғары Тобыл, Қаратомар, Қостанай, Желқуар, Шортанды бөгендері, Торғай өзенінде Албарбөгет суғару жүйесі мен Үлкен Дәмді өзеніндегі көлдетіп суғару жүйесі, т.б.
Жер асты сулары облыстың барлық жерінде бар. Олар мезо-кайназойдың құмды-сазды шөгінділері мен палеозой жыныстарында шоғырланған.
Елді мекендері мен аудандары
Қостанай облысы құрамында 5 қала (Арқалық, Жітіқара, Лисаковск, Рудный, Қостанай), 13 кент, 16 аудан бар, 808 ауылдық мекендер бар (2010).
Аудандары:
1. Алтынсарин ауданы
2. Амангелді ауданы
3. Әулиекөл ауданы
4. Денисов ауданы
5. Жангелді ауданы
6. Жітіқара ауданы
7. Қамысты ауданы
8. Қарабалық ауданы
9. Қарасу ауданы
10. Қостанай ауданы
11. Меңдіқара ауданы
12. Наурызым ауданы
13. Сарыкөл ауданы
14. Таран ауданы
15. Ұзынкөл ауданы
16. Федоров ауданы
Қазақстан Республикасының орталығында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. 1939 жылы құрылған. 1961 – 92 жылдары Целиноград облысы болып аталды.

Қазақстанның солтүстік-батыс өңірінде орналасқан әкімшілік бірлік. Территориясы бойынша Қарағанды облысынан кейінгі екінші орында.


Қазақстан Республикасының солтүстік-шығысындағы әкімшілік-аумақтық бөлігі.
