Шығыс Қазақстан облысы
Қазақстан облыстары
5 / 0 пікір
Шығыс Қазақстан облысы,
49.9373, 82.7264
Сипаттама

Шығыс Қазақстан облысы — Қазақстан Республикасының солтүстік-шығысындағы әкімшілік-аумақтық бөлігі.

1932 жылы 10 наурызда құрылған
1997 жылғы 23 мамырдағы № 3528 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен облыс құрамына таратылған Семей облысының территориясы қосылды.

 

Географиясы

Облыс орталығы - Өскемен (1720 жылы негізі қаланған)
Жер аумағы - 283 300 км2
халқының саны (2006) - 1 430 000 адам;
Өскемен - Астана - 1084 шақырым
Өскемен - Алматы - 1100 шақырым

 

Әкімшілік-аумақтық құрылысы

Ауылдық аудан - 15
Қала - 10

Қалалық маңыздылығы бар қала - 5
Облыстық маңыздылығы бар қала - 5
Кент - 24
Ауыл - 826

 

Шығыс Қазақстан облысының аудандары

1. Абай ауданы (Шығыс Қазақстан облысы)
2. Аягөз ауданы
3. Бесқарағай ауданы
4. Бородулиха ауданы
5. Глубокое ауданы
6. Жарма ауданы
7. Зайсан ауданы
8. Зырян ауданы
9. Катонқарағай ауданы
10. Көкпекті ауданы
11. Күршім ауданы
12. Тарбағатай ауданы
13. Ұлан ауданы
14. Үржар ауданы
15. Шемонаиха ауданы

 

Тарихы

Шығыс Қазақстан облысының аумағы ежелгі заманнан қоныстанған. Оның куәгері есебінде Алтайда, Зайсан қазаншұңқырында, Тарбағатай мен Сауыр жоталарында ежелгі кеніштердің, суландыру жүйелерінің, бекіністер мен қоныстардың іздері сақталған. 15 ғасырдың бас кезінде Ертіс өзені алабының жоғарғы бөлігін ойраттар басып алғаннан кейін бұл жер Жоңғар хандығының құрамында болды. 1758 ж. Қытай әскерлері Жоңғар хандығын жойып жібергеннен кейін, қалмақтар Еділ өзенінің арғы бетіне кетті. Ал қалмақтардан ығысып, негізінде Сарыарқаны мекендеген қазақ рулары өздерінің ежелгі қоныстарына қайтып оралды. 18 ғасырдың бас кезінде патшалық Ресей қазақ жерін тереңдей отарлау мақсатымен қазақтарды ата қонысынан тықсыра отырып, қазіргі облыс аумағында Ертіс бекіністер желісін салды. Осы желінің бойымен біртіндеп бекіністер мен форпосттар жүйесі, ал одан кейініректе казак-орыс станицалары құрылды (1718 ж. Семей, 1720 ж. Өскемен, 1763 ж. Бұқтырма бекіністері) салынды. Казак-орыстардың мекендері Ертістің оң жағалауы мен оның салаларының бойында пайда болды. Ертіс өзенінің екі бірдей жағынан он шақырымдық шұрайлы жерлер (“Иртышская десятиверстная полоса”) қазақтардан тартып алынып, казак-орыстардың пайдалануына берілді. Яғни, қазақтарға Ертіс өзеніне 10 км-ден жақын жерде қоныстануға тыйым салынды. Қазақтар ең шұрайлы жерлерінен айрылып, ата қоныстарының атауларын жоғалтты, олардың орнына карта беттерінде сақталған орысша атаулар пайда болды. Бүкіл Ертіс өзеніне құятын салалары мен жыра-сайлар, жылғалар орысша аталып кетті. Станицалар біртіндеп оңтүстікке және оңтүстік-батысқа қарай жылжи берді. 1826 ж. Қалба жотасының етегінде Көкпекті бекінісі, 1831 ж. Аягөз өзенінің оң жағасына таяу қазіргі Аягөз қаласына жақын жерде Сергиополь бекінісі, Шәуешек жолының бойында станицалар пайда болды.

 

Табиғаты

Шығыс Қазақстан облысының жер бедерінің құрылысы өте күрделі. Таулары мен жоталары.

- Ертіс өзенінен шығысында: Кенді Алтай, Тікирек, Черный, Оба, Становой, Көксу, Иванов, Қоржын, Үлбі, Қызылқарағай, Нарын, Сарымсақты, Тарбағатай, Оңтүстік Алтай, Күршім және Азутау жоталары мен олардың сілемдері

- Ертіс өзенінен батыста:Қалба жотасы, Семей, Арқалық, Мыржық, Қараадыр таулары, Ханшыңғыс, Шыңғыстау, Ақшатау жоталары
Зайсан көлінің оңтүстігінен: Тарбағатай, Сауыр және Маңырақ жоталары.

- Ертіс өзенінің екі жағындағы жоталар аралықтарында оқшаулана орналасқан таулар мен шоқылар: Майлықара, Белтерек, Айыртау, Арқат, Көксеңгір, Сандықтас, Жағалбайлы, Көктас, Атбас, Арасантау, т.б.

- Облыстың оңтүстік мен оңтүстік-шығысына Сасықкөл, Қошқаркөл және Алакөл көлдері орналасқан Балқаш – Алакөл ойысының солтүстік-шығыс бөлігі мен Зайсан көлінің қазаншұңқыры орналасқан.

- Облыстың қиыр солтүстік-батыс бөлігін Бесқарағай ауданының бүкіл аумағын қамтитын Балапан жоны алып жатыр.

 

Пайдалы қазбалар

Шығыс Қазақстан облысының жер қойнауы кен байлықтарына бай. Мұнда мырыш, қорғасын, мыс, күміс, алтын, кадмий, сүрме, күшәла, темір, күкірт, висмут, индий, галий, селен, теллур, сынап, қалайы, тантал, ниобий, молибден, вольфрам, титан, никель, кобальт, көмір, жанғыш тақтатас, сондай-ақ әр түрлі химиялық шикізаттар мен құрылыс материалдарының кен орындары бар.

Климат

Облыстың климаты тым континенттік.

  • Температурасы:
    • Қаңтардың жылдық орташа ауа температурасы
      • жазық өңірінде –17°С
      • биік тауаралық тұйық қазаншұңқырларында –26°С-қа дейін барады
    • Шілдеде 19 – 23°С.
  • Жауын-шашын:
    • солтүстік-шығысында 350 – 380 мм
    • оңтүстік-шығысында 250 – 300 мм
    • батысында 200 – 250 мм аралығында
    • Кенді Алтайдың батыс бөлігінде 1000 – 1500 мм

Облыс бойынша вегетациялық кезең 175 – 200 тәулікті құрайды.

 

Топырақтары

Облыстың топырағы мен өсімдік жамылғысы жазық бөлігінде ендік белдем бойынша, ал таулы аудандарда биіктік белдем бойынша тараған. Бірақ бірқатар жерлерде бұл белдемдер жер бедерінің, жергілікті климаттың ерекшеліктеріне, өзендер мен көлдердің жақын болуларына байланысты айтарлықтай өзгеріске ұшыраған. Облыстың батыс жағында, ұсақ шоқылар тараған аудандарда солтүстіктен оңтүстікке қарай топырақ жамылғысы оңтүстіктің қара топырағынан шөлді-далалық топырақтарға ауысады. Ертістің оң жағалауындағы құмдақ топырақта таспалы қарағай орманы, ал оңтүстік қара топырақта бетегелі-селеулі өсімдіктер тараған. Қызғылт қоңыр топырақ Шыңғыстау жотасының етегінде бозғылт қоңыр топыраққа ауысады. Бұл топырақта бетегелі-селеулі өсімдіктермен аралас жусан да көп өседі. Қалба мен Шыңғыстау жоталарының гранитті қыраттарында кішігірім қарағайлы және қайыңды-теректі ормандар кездеседі. Зайсан мен Алакөл қазаншұңқырларында шөлдің сұр, сұрғылт және далалық топырағы (сұр топырақ) тараған. Зайсан қазаншұңқырында бұл топырақ арасында аздап сор және сортаң топырақ кездеседі. Ал Алакөл қазаншұңқырында олар әдетте сортаңданған. Зайсан қазаншұңқырында бозғылт қоңыр топырақ пен құмды алқаптар (Бозайғыр және Ақжан) тараған. Қазаншұңқырлардағы өзен жайылмаларында шалғынды-батпақты топырақ қалыптасқан. Зайсан қазаншұңқырында өсімдіктерден шашақты селеу, жусан, ал шағын өзен аңғарларында далалық шалғындар, Зайсан көлі мен Ертіс өзенінің жағаларында қамыс-құрақ көптеп кездеседі. Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандарының топырақ және өсімдік жамылғыларында биіктік белдемдер айқын байқалады. Кенді Алтайдың төменгі биіктіктеріндегі далаларда ауыр саздақ және саздақ қара топырақ тараған. Олардан жоғары сұр топырақ пен күлгінденген қара топырақ, ал одан биікте таулық сұр күлгін топырақ тараған. Келесі белдеуде таулық шалғынды топыраққа, одан кейін таулық тундраға ауысады. Оңтүстік Алтай мен Сауыр таулары жоталарының төменгі бөліктерінде (тиісінше 600 – 800 м-ге және 1200 – 1300 м-ге дейін) түпкі жыныстардың және саздақ шөгінділердің үстінде таулық күрең топырақ тараған. Олардан жоғары қаратопырақ белдеуі, тау беткейінде таулық қарашіріндісі аз және шымтезекті топырақ, тауаралық қазаншұңқырларда таулық қошқыл қаратопырақ қалыптасқан. Ең биік жерлерде таулық тундра топырағы орын алған. Тарбағатайда қызғылт қоңыр және қаратопырақпен бірге шөптесін өсімдікті таулық шалғынды және орманды телімдерде орманның сұр топырағы тараған.

Өсімдіктер

Алтайдың баурайын шымды-астық тұқымдас шөптер даласы, одан төменірек бетегелі-селеулі, ал жоғарырақта қайыңды-теректі шоқтоғай аралас шөпті-селеулі дала алып жатыр. 700 м және одан биіктеу жерлерде астық дақылды аралас шөпті шалғын алмасқан қылқан жапырақты орман белдеуі басталады. Кенді Алтайда самырсынды-шыршалы-қара самырсынды ормандар басым келеді, ал Оңтүстік Алтайда олармен сібір қара самырсыны аралас өседі. Сауыр жотасының жапырақты ормандарында Тянь-Шань шыршасы өседі. Кенді Алтайда орманды белдеуден жоғары субальпілік, альпілік шалғындар өседі, одан биікте олар қыналарға ауысады. Тарбағатайда алма ағаштары және теректі ормандар тараған.

Жануарлар

Шығыс Қазақстан облысының жануарлар дүниесі өте бай. Мұнда табиғатының әр түрлі болуына байланысты таулық жануарлармен бірге қарағайлы ормандар, далалар және шөлейт жануарлары көп тараған. Алтай мен Сауырдың және Ертіс маңы ормандарында тиін, ақтышқан, кәмшат сияқты қымбат елтірілі аңдардың және құстардың кәсіпшілік маңызы бар. Алакөл мен Зайсан қазаншұңқырларының су қоймаларында ондатра жақсы жерсіндірілген. Ертіс пен оның салаларында, Марқакөл, Зайсан және Алакөлде, Ертіс бойындағы Бұқтырма, Өскемен және Шүлбі бөгендерінде балықтың көптеген түрлері, оның ішінде стерлядь, таймень, хариус сияқты бағалы балықтар көптеп кездеседі. Олардың негізінде балық аулау мен балық өңдеу кәсіпшілігі ұйымдастырылған.

Облыста Қазақстан халқының 9,4%-ы шоғырланған.

  • 59,4%-ы қалалық жерлерде
  • 40,6%-ы ауылдық жерлерде
  • Адамдардың саны
    • Өскемен - 288,0 мың
    • Семей - 277,0 мың
    • Риддер - 52,0 мың
    • Зырянов - 40,1 мың
    • Аягөз - 36,6 мың
    • Зайсан -15,2 мың
    • Шемонаиха -16,1 мың
    • Шар - 7,5 мың
    • Курчатов - 10,1 мың
    • Серебрянск - 0,3 мың
    • Глубокое, Үлбі, Шүлбі, Жезкент, Белоусовка, Жаңа Бұқтырма, т.б. кенттерде, өнеркәсіптік маңызына қарай тұрғындар саны 0,3 мыңнан 10,0 мыңға дейін жетеді.

 

Мәдениет

  • Драма театрлары:
    • Шығыс Қазақстан облыстық орыс драма театры (Өскемен)
    • Семей орыс драма театры
  • 276,7 мыңға жуық экспонаты бар 11 мұражайлар:
    • Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың музейі
    • Облыстық этнографиялық музей
    • Семей қаласындағы Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнерінің облыстық музейі
    • Облыстық тарихи өлкетану-музейі
    • Шығыс Қазақстан көркемөнер музейі.

Архитектура

 

  • Тарихи және мәдениет ескерткіштерінен Ұлан ауданындағы “Абылайкит” ғибадатханасының ескі қонысы
  • 16 нысаннан тұратын Семей қаласындағы тарихи-архитектуралық ескерткіштер
  • 844,8 мың дана кітап қоры бар 267 кітапхана
  • 183 клубтық мекемелер
  • 7 киноқондырғы
  • 34 туристік мекеме
  • 55 қонақ үйлер

Туризм

Шығыс Қазақстан облысының мәдени-танымдық туризмді дамыту үшін үлкен әлеуеттік мүмкіндіктері бар. ШҚО-ның тек қазақстандық қана емес, сонымен қатар әлемдік туристік нарықта әлеуетті бәсекеге қабілеттілігін көрсете алатын айырықша табиғи-географиялық, климаттық, бальнеологиялық, мәдени-тарихи ресурстары бар.

ШҚО туристік саласының дамуына байланысты Алматы мен Астана қалаларынан кейін 3-орынды иеленеді. 2020 жылдарға дейінгі Қазақстан Республикасының туристік саласын дамыту Тұжырымында «Шығыс Қазақстан кластері «Табиғат таңғажайыптары әлемі» және экологиялық туризмді дамыту орталығы ретінде» белгіленетіні жайлы айтылған.

Шығыс Қазақстан кластеріне ШҚО-ның солтүстік және шығыс бөліктері енеді. Кластердің орталығы кластердің орталығы болады, оған туристік қызығушылық тудыратын 8 басты жер енгізіледі:

1) «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының нысандары;

2) Бұқтырма су қоймасы;

3) Ертіс өзені мен Жайсан көлі;

4) Катон-Қарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;

5) Қалжыр өткелі;

6) Риддер-Анатау және Иванов таулары;

7) Алакөл көлі;

8) Семей қаласы.

Қазақстанның халықаралық туризмге енуінің өзіндік болашағы бары белгілі. Біздің әлеуетті нарықтарымыз - Ресей, Қытай, Европа, Таяу Шығыс. Тек Ресей мен Қытаййдың өзі ғана 150 миллионнан астам туристермен қамтамасыз етеді. Бүгінде Қазақстан 52 елмен визасыз режимге көшу жөнінде келісімдер жасалған. Одан басқа «ЭКСПО-2017»-ні өткізуге айындық барысында басқа да көптеген елдермен виза реимін қарапайымдандыру жұмыстары жүргізілуде.

Солай бола тұра Қазақстан туризмінің бүгінгі даму қарқыны бар әлеуетті толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр. Әлемде біз жайлы туристік мақсатпен баруға тұратын ел ретінде әлі өте аз біледі. Бірнеше халықаралық жәрмеңкелерге қатысу күтетін әсерге қол жеткізуге мүмкіндік бермей отыр. Туристік саланың дамуының төмен деңгейі елдің туристер үшін жағымды имиджін қалыптастыру мәселесіне қатысты ғылыми зерттеулердің жоқтығымен де тікелей байланысты. Қазақстанда туризм саласында белсенді PR-кампаниялар, имидждік жобалар жасау мәселесі бойынша кешенді және жүйелі талдаулар жүргізетін ғылыми-зерттеу құрылымы жоқ. Елімізде қалалар мен аймақтардың туристік имиджін көтерумен шұғылданатын мықты мемлекеттік-жекеменшік ұйымдар да жоқ. Аналитиктердің айтуынша, «туркомпаниялардың 80 пайызынан астамы қазақстандықтардың шет елдерде демалуын ұйымдастырумен шұғылданады, демек, олар шетелдік турөнімдерді сату-сатып алумен айналысады».

Осыдан келіп, республиканың қазіргі туристік нарығындағы жағдай маркетингті қолдануды, жаңа тұтынушының басты ерекшеліктерін зерттеуді, туристік қызметтерді олданушының уәждемесі мен мінез-құлық ерекшеліктерін айқындауды талап етеді. Сол себепті туристерге арналған экспресс-жолсілтеуші ақпараттық өнімдерді дайындаудың маңыздылығы өз-өзінен айқындалады.

Пікірлер
5 / 0 пікір
пікір қалдыру
Сонымен қатар
0 / 1 отзыв
Қазақстан облыстары

Қазақстан Республикасының орталығында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. 1939 жылы құрылған. 1961 – 92 жылдары Целиноград облысы болып аталды.

5 / 0 пікір
Қазақстан облыстары

Қазақстанның солтүстік-батыс өңірінде орналасқан әкімшілік бірлік. Территориясы бойынша Қарағанды облысынан кейінгі екінші орында.

5 / 0 пікір
Қазақстан облыстары

Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысындағы әкімшілік бөлік.

0 / 0 пікір
Қазақстан облыстары

Батыс Қазақстанда орналасқан облыс.

0 / 0 пікір
Қазақстан облыстары

Қазақстан Республикасының оңтүстігінде орналасқан.

0 / 1 отзыв
Қазақстан облыстары

Қазақстан Республикасының солтүстік-батысындағы әкімшілік-аумақтық бөлік.