Атырау облысы
Қазақстан облыстары
0 / 0 пікір
Атырау облысы,
47.1036, 51.9935
Сипаттама

Атырау облысы — Батыс Қазақстанда орналасқан облыс. 1938 жылы Гурьев облысы деген атымен құрылған. 1992 жылы қазіргі атауына ие болды.

Солтүстігінде Батыс Қазақстан облысымен, шығысында Ақтөбе облысымен, оңтүстік-шығысында Маңғыстау облысымен және батысында Ресейдің Астрахан облысымен шектеседі. Сондай-ақ оңтүстік шекарасы Каспий теңізіне келіп тіреледі. Облыс орталығы - Атырау қаласы.

 

Жер бедері

Облыс аймағы Каспий ойпатының солтүстік-шығыс бөлігін, Жем қыраты мен Үстірттің батыс шетін, Каспий теңізінің солтүстік бөлігін алып жатыр. Жері солтүстігінен оңтүстікке қарай аласара түсетін Ойыл, Сағыз, Жем өзендері салаларымен тілімденген.

Бұл аймақты Жем қыраты мен Үстірттің батыс сілімдері Доңызтау (214 м), оның бөліктері Желтау (221м), Тамды (175) жоталары алып жатыр. Қайнар мен Жем өзендері араларында Иманқара (199м) Қойқара қыраттары, Қарамұрат жоны, Алабие, Аққұдық, Қабылан жоталары орналасқан. Олар ақшыл ізбес тастан тұрады. Жайық өзенінің сол жақ жағалауында Индер тауы орналасқан. Таудың биіктігі 52 м., ұзындығы 25-30 км, ені 10 км-ге жуық.

Каспий маңы ойпатының оңтүстік және оңтүстік батыс бөліктерінде құмды шағылдар көп тараған. Еділ өзенінің сол жағалауы мен Каспий теңізінің жағалықтарын Нарын құмы мен Мыңтөбе құмы, Қосдәулет, Ботай құмдары, Ойыл мен Сағыз аралығын Тайсойған, Бүйрек құмдары, облыстың шығысын Каспий маңы Қарақұмы алып жатыр. Бұл құмдардың ең үлкені – Нарын құмы.

Атырау аумағында кең тараған жер бедерінің бір түрі- сорлар. Олардың тереңдіктері 5-10 м-ге жетеді. Ресей шекарасының батыс бөлігінен Еділ өзені ағып өтеді. Каспий теңізіне құятын Еділ жəне Жайық өзендерінің аралығының барлық дерлік бөлігін Атырау облысы алып жатыр. Географиялық тұрғыдан облыстың солтүстік-батыс жағы Еуропада, ал бүкіл шығыс жағы Азияда, негізінен шөлейттік аймақта жатыр.

Сонымен қатар Атырау аумағында тақырлар кездеседі. Ең үлкен тақыр Намаз тақыры деп аталады. Ол облыстың солтүстік- шығысында орналасқан.

 

Климаты

Атырау облысында континенттігі тым басым климат қалыптасқан. Облыс табиғи ылғалдылығы жеткіліксіз, аңызақ желді, шаңды дауылды, жазы ыстық, қуаң, қысы қарсыз (не жұқа қарлы) болып келеді.

Ең ыстық айы — шілде, ауасының орташа температурасы 24—25°С, жалпы ыстық 35-40°С, кейде одан да астам болады.

Жауын-шашынның жылдық мөлшері 220—230 мм, қуаңшылық жылдары жауын-шашын мөлшері 80 мм-ден аспайды, ал ылғалдың жер, су бетінен ауаға булану мөлшері 1000 мм, кейде одан да астам болады. Жылдың жылы маусымдарында негізінен батыс бағытында (солтүстік-батыс, кейде оңтүстік-батысқа) соғатын желдің үлесі басым; желдің орташа жылдамдығы 5—6 м/сек, теңіз жағалауында 6-7 м/сек, ең күшті желдің қарқындылығы 15 м/сек-қа жетеді.

Қыс маусымы ауасының қаңтардағы орташа температурасы —8°С, — 12°С, қиыр оңтүстігінде —5°С, —6°С. Қыста жел негізінен шығыс (оңтүстік-шығыс және солтүстік-шығыс) бағытында соғады, қарқындылығы 6—7 м/сек. Жылдык жауын-шашын мөлшерінің жартысынан астамы қыста түседі.

 

Өзендері мен көлдері

Атырау облысының жер беті сулары Еділ өзенінің сол жақ тармақтарынан, Жайық, Ойыл, Жем, Сағыз өзендерінің төменгі ағыстарынан және үлкенді-кішілі көлдерден тұрады.

Өзендері. Өзендердің жинайтын суларының тек 10-20 %-ы ғана өз облыс аумағынан, ал қалған суын басқа аймақтан әкеледі. Жайық өзені кеме арқылы әр түрлі жүк және жолаушы тасымалдауға пайдаланылады, балық ауланады. Ал қалған өзендері егістікке, шабындықты суландыруға және мал суару үшін ғана пайдаланылады. Ірі өзендері Жайық, Жем, Ойыл, Қайнар.

Сол сияқты Бақсай, Бүгілөзек, Бағырлысай, Ақсай өзендерінің жергілікті маңызы бар. Облыс аумағында Еділ өзеніндегі салалардың тармақтары –Ахтуба, Бозан, Қиғаш т.б. өзендер бар.

Көлдері. Облыста екі мыңнан астам көлдер бар. Олардың жалпы көлемі 800 шаршы шақырым шамасында. Облыс көлдері тұйық, ағынсыз болып келеді. Облыста Дүние жүзіндегі ірі көл –Каспий теңізі бар. Индер көлінен құрамында бром калийі бар жоғары сапалы тұз өндіріледі. Жалтыр көліне Бағырлысай, Бүгілөзек секілді шағын өзендер құяды. Бұдан басқа екі мыңнан астам шағын көлдер бар. Олар: Қамыскөл, Мешер, Дәулет, Толай-сор. Олардың 65-70%-і жаз кезінде құрғап қалатын уақытша көлдер.

Жер асты сулары. Облыс аумағында жер асты су қорларының алты су кен орны ашылған. Оның төртеуінің суы пайдаланылуда. Олардың ең үлкені және қоры молы Тайсойған, Бүйрек және Қоянды құмдарында орналасқан. Қабатының тереңдігі 50-120 м, қалыңдығы 30-70 м.

 

Әкімшілік бөлінісі

Облыста 2 қала, 7 аудан, 11 кент, 183 ауылдық елді мекендер орналасқан.

(Аудандардың орналасуы облыстың әкімшілік бөлінісі картасындағы көрсетілген рет сандары бойынша төмендегіше бөлінген:)

1. Жылыой ауданы
2. Индер ауданы
3. Исатай ауданы
4. Қызылқоға ауданы
5. Құрманғазы ауданы
6. Мақат ауданы
7. Махамбет ауданы
Белгіленбеген аумақ -Атырау қалалық әкiмшiлiгінің ауданы

 

Қалалары

Атырау
Құлсары

 

Өсімдіктер дүниесі

Облыстың барлық аудандарында дерлік жусан, қияқ, бұйырғын, ебелек, мортық, қоңырбас, көкпек басым өседі, бұларға қосымша көктемде ойпатттарда селеу, изен, сарсазан, ажырық т.б.араласа шығады.

Теңіз жағасындағы батпақтарда қамыс, құрақ жиі кездеседі. Шығыс жағында ебелек, мортық, шытыр, қаңбақ, ақселеу, жыңғыл, жүзгін өседі.

Сонымен қатар облыс аумағында дәрілік, техникалық өсімдіктер де кездеседі. Олардың жалпы саны 50 ден асады. Дәрілік шөптерден облыс аумағында кездесетіндері: адыраспан, ешкі тал, қырықбуын, құмаршық т.б. Жалпы Атырау облысында өсімдіктердің 945 түрі бар. Бұлардан басқа жантақ, көкпек, ошаған, сүттіген, шырмауық т.б. табиғи өсімдіктер бар. Улы шөптерден, есекмия, меңдуана кездеседі.

Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген, яғни жойылып кету қаупі төнген өсімдік түрлерінен ақтұңғиық, берік сүттіген, бор рияны, бор сиякөгі, бор сылдыршөбі, бүршікті альдрованда, бүршікті феллориния, кестелі шампиньон, комаров жоңышқасы, күманды долана, қатпар гладолиус, мейер шытырмағы, су шылымы, тегеурінгүл, т.б. кездеседі.

 

Жануарлар дүниесі

Атырау облысында 500 ге тарта омыртқалы жануарлар түрі және мыңдаған омыртқасыз жануарлар түрлері кездеседі. Облыс аумағында құстар алуан түрлі және кең таралған. Олардың ең басты тіршілік орындарының бірі –су және оның жағалауы. Жалпы құстардың 280-дей түрлері бар. Оның ішінде бірқазан, дегелек, қаз, үйрек, шағала, тырна, дуадақ, көгершін, торғай тәрізділер көп тараған.

Облыстың өзен-көлдерінде балықтардың көптеген түрлері бар. Кәсіптік маңызы бар балық түрлерінен

бекіре, қорытпа, шоқыр т.б. балықтар кездеседі. Облыс суларында шортан, сазан, жайын, майшабақ, қаракөз т.б. кең тараған. Жалпы Каспий теңізінің Атыраулық аймағында бағалы балықтардың 122-ден астам түрлері кездеседі.

Қосмекенділер мен бауырмен жорғалаушылардың 50 ге жуық түрлері тараған, кемірушілердің 27 түрі бар. Атырау облысында аңдардың 55 түрі, оның ішінде жыртқыш аңдардың 12 түрлері бар. Олардың кең таралғандары: қасқыр, түлкі, қарсақ, жанат тәрізділер, қабан, киік.

Облыстың пайдалы қазындылары, әсіресе мұнай-газ кендерін қарқынды игерудің нәтижесінде хайуанаттар дүниесінің таралу кеңістігі жылдан-жылға тарылуда, түр саны азаюда, тіршілік аумағы күннен-күнге кемуде.

 

Көлік және байланыс

Атырау облысының көлік жүйесінің дамуына оның Орал және Еділ бойы экономикалық аудандармен көрші жатуы және Орта Азия республикалаларымен транзиттік-экономикалық қатынастарының жолындағы қолайлы географиялық орны үлкен әсерін тигізді. Қазіргі таңда Атырау облысында көліктің барлық түрлері де дамыған. Оның құрамында: темір жол, автомобиль, су жолы, әуе жолы және құбыр көліктері кіреді. 2010 жылы көліктің барлық түрлері арқылы жүк тасымалдау көлемі облыс бойынша 112,1 млн.тонна жүк немесе 2009 жылына қарағанда 108,9% құрады. Көліктің басқа түрлері бойынша тасымалдау: автомобиль көлігімен - 52,1 млн. тонна, құбыр арқылы - 59,9 млн. тонна құрады. Жолаушыларды тасымалдау - 93854,4 мың адамды, оның ішінде автомобиль көлігімен - 93849,7 мың адам және әуе көлігімен - 4,7 мың адам құрады. Жүк айналымы - 39329,6 млн ткм, жолаушы айналымы - 681,0 млн пкм.

Жолдар және олардың ұзындығы: теміржол жолдары - 879 км, қатты табанды автомобиль жолдары - 1277 км.

Пікірлер
0 / 0 пікір
пікір қалдыру
Сонымен қатар
0 / 1 отзыв
Қазақстан облыстары

Қазақстан Республикасының орталығында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. 1939 жылы құрылған. 1961 – 92 жылдары Целиноград облысы болып аталды.

5 / 0 пікір
Қазақстан облыстары

Қазақстанның солтүстік-батыс өңірінде орналасқан әкімшілік бірлік. Территориясы бойынша Қарағанды облысынан кейінгі екінші орында.

5 / 0 пікір
Қазақстан облыстары

Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысындағы әкімшілік бөлік.

5 / 0 пікір
Қазақстан облыстары

Қазақстан Республикасының солтүстік-шығысындағы әкімшілік-аумақтық бөлігі.

0 / 0 пікір
Қазақстан облыстары

Қазақстан Республикасының оңтүстігінде орналасқан.

0 / 1 отзыв
Қазақстан облыстары

Қазақстан Республикасының солтүстік-батысындағы әкімшілік-аумақтық бөлік.