Батыс Қазақстан облысы
Қазақстан облыстары
0 / 1 отзыв
Батыс Қазақстан облысы,
51.2272, 51.4215
Сипаттама

Батыс Қазақстан облысы — Қазақстан Республикасының солтүстік-батысындағы әкімшілік-аумақтық бөлік. Шығысында Ақтөбе, оңтүстігінде Атырау облыстарымен, батысында Ресейдің Астрахан, Волгоград, солтүстік-батысында Саратов, Самара, солтүстігінде Орынбор облыстарымен шектеседі.

Облыс 1932 ж. 10 наурызда Орал облысы болып құрылған. 1996 жылдан Батыс Қазақстан облысы болып аталады. Жерінің аумағы 151,3 мың км², тұрғындары 624 мың адам (2014). Әкімшілік жағынан Батыс Қазақстан облысы 12 ауылдық, 2 қалалық әкімшілік ауданға, олар 4 кенттік және 155 ауылдық әкімшілік округтерге бөлінген.

Орталығы — Орал қаласы. Облыстағы 539 елді мекеннің тұрғындары біркелкі орналаспаған. Халықтың орташа тығыздығы 1 км²-ге 4,0 адамнан келеді (1999). Солтүстік аудандарда және Жайық өзенінің аңғарында халық жиі қоныстанған (1 км²-ге 9 — 12 адам). Қала халқы бүкіл халықтың 49,1% құрайды. Қалалары: Орал, Ақсай; ірі кенттері: Бөрілі, Дерқұл, Зашаған, Круглоозерное, Чапаев.

 

Батыс Қазақстан облысының аудандары

 1. Ақжайық ауданы
 2. Бөкей ордасы ауданы
 3. Бөрлі ауданы
 4. Жаңақала ауданы
 5. Жәнібек ауданы
 6. Зеленов ауданы
 7. Казталов ауданы
 8. Қаратөбе ауданы
 9. Сырым ауданы
 10. Тасқала ауданы
 11. Теректі ауданы
 12. Шыңғырлау ауданы

 

Табиғаты

Батыс Қазақстан облысы аумағының басым бөлігі Каспий маңы ойпатының солтүстігінде орналасқан. Жер бедері, негізінен, құмды алқаптар мен сор ойпаңдар алмасып жатқан жазық болып келеді. Бұл өңірдің абсолюттік биіктік 10 — 25 м-ден аспайды. Солтүстігіндегі қырат бөлігі (абсолюттік биіктігі 45 — 65 м) Сырт қырқасы арқылы Орал үстіртіне ұласады. Жалпы Сырттың осы тұстағы ең биік жері 259 м (Ешкі тауы). Орал үстіртінің облыс жеріндегі бөлігі — құрғақ арналармен тілімденген жонды-белесті өңір. Оның абсолюттік биіктігі 110 — 260 м, ең биік жері — Ақтау (Бортау) тауы (263 м).

 

 

Қазба байлықтар

Облыс аумағында Цыганов, Ульянов, Гремячинск, Батыс Теплов, Теплов, Қарашығанақ сынды бірқатар газ конденсаттары мен мұнай кендері анықталған. Олардың ішіндегі ең ірілері : Батыс Теплов және Қарашығанақ болып табылады. Сонымен бірге Чернозатон, Түксай, Новосеменов жанғыш тақтатастар кендері табылды. Тас тұзы, калий және бор қабатындағы тұздар, гипс, әк жыныстары, бор және басқа қазба байлықтар ашылды. Құрылысқа жарамды минералды шикізаттардан облыста кірпіш және цемент өндірісі шикізаты, керамзит, әк, құрылыстық құм, құм – қиыршық қоспалары, құрылыс тастары, оларды алмастыратын басқа түзілімдер бар. Керамзитті шикізаттың Погодаев және Түксай кендері барланған. Ақтау («Белая Горка») кенінің құмы силикатты кірпіш дайындау үшін пайдаланылады. Әк өндіруге жарамды бор облыстың солт. және оңт. бөліктеріндегі аудандарда таралған : пайдалы қазбалардың өндірістік балансына Ақтау («Белая Горка») және Бөрлі кендері енгізілген ; бұлардың жиынтық қоры 16081 мың метр куб. Жылдық қуаты 1300 мың т. цемент зауытын шикізатпен толық қамтамасыз ететін қоры 1106482 мың метр куб Ақсуат кені барланды. Гидравликалық қосымша ретінде қоры 21619 мың метр куб болатын кремний сазы бар Шипов кенінің пайдаланылуы мүмкін. Қыш шикізаты Федровка с – ның жанынан ашылды, қоры 2042 мың метр куб.

 

Гидрографиясы

Өзендер

Облыстағы өзендер Каспий теңізі алабында жатыр. Ұзындығы 100 км-ден асатын 14 өзен бар. Басты су артериясы — Жайық өзені солтүстік-шығыстан оңтүстікке қарай ағады. Оның облыс жеріндегі Ұзындығы 500 км-дей. Жайыққа облыс аумағында Емболат, Шаған, Дерқұл, Елек, Шыңғырлау, Барбастау өзендері құяды. Облыстың шығыс жағындағы шағын Өлеңті, Қалдығайты, Жақсыбай өзендері Орал үстіртінен басталып құмға сіңіп жоғалады. Өзендері қарашаның 2-жартысында қатып, сәуірдің 1-жартысында мұзы ериді. Облыстың негізгі су көзі – Жайық өзені болып табылады. Облыс шегіне Елек ауылының батыс жағынан енген өзен батыс бағытқа қарай ағып, Орал қаласына дейін жетіп, оңтүстікке шұғыл бұрылады да, Солтүстік Каспий маңын кесіп өтеді. Облыс шегіндегі ұзындығы – 761 км, су жинайтын алабы – 116678 шаршы км. Жайықтың облыс аумағындағы салалары – Елек, Шыңғырлау, Шаған, Барбастау, Емболат, Быковка, Рубежка. Барбастау өзенінен төменірек Жайықтан Көшім (Қабыршақты) бөлініп шығады.Жайық өзені бүкіл облыс жерін жер беті ағын суларының жиілігі әр түрлі қос торапқа ажыратады. Сол жағалаулық өзен торы тығыздығының коэффициенті К – 0,54 км/км квадрат мөлшерімен сипатталады, оң жағалаулық бөліктегі өзен торы тығыздығының коэффициенті К – 0,26 км/км квадрат. Бүкіл облыс үшін өзен торының тығыздығы Жайық өзенісіз – 0,036 км/км квадрат, Жайықпен қосып есептегенде 0,040 км/км квадрат коэффицентпен сипатталады. Жалпы облыста үлкенді – кішілі 200 - ден астам өзен бар, олардың 65 - і жазда кеуіп құрғақ арналарға айналады ; ұзындығы 10 км – ден аспайтын шағын жылға – өзендер де баршылық. Ұзындығы 200 км – ден асатын өзендер небәрі – 8. Қараөзен, Сарыөзен, Елек жерінде тек өздерінің сағалық бөлігі мен ғана ағады, олардың жалпы ағыны шегінен тыс қалыптасады. Өңірдің жер бедері мен топырақ қабатының ерекшелігіне байланысты көптеген өзендердің арналары өте ирелең қалыптасқан. Мыс., Барбастаудың ирелеңдеу коэффициенті К – 1,4, Шолаңқаты – К -1,04, Жақсыбай – 1,07, Ащыөзек – К – 1,75, Мұқыр – К – 1,4 – ке тең келеді.

 

Көлдері

Батыс Қазақстан облысы-нда 140-тан астам көл бар. Оның 9-ның су айдыны 10 км²-ден асады. Суы тұщы маңызды көлдері: Қамысты Самар, Итмұрынкөл, Сұлукөл; ірі тұзды көлдері: Шалқар, Аралсор, Жалтыр, Жалтыркөл, Боткөл, т.б. Жер бетіндегі ағынды суды реттеу үшін облыс аумағында бірнеше бөгендер салынған. Олар негізінен Көшім суландыру жүйесінде және Қараөзен (Үлкенөзен) бойында (Бітік, Дөңгелек, Киров, Пятимар, Сарышаған, Айдархан) орналасқан. Облыстағы көлдің таралу коэффициенті 10% (жайылма суларды есепке алмағанда) ; олардың айдындарының аумағы 1532 шаршы км. Облыстың өзен бойларына жуық өңірлерінде жайылма су (қарасу) айдындары көп. Мысалы Шежін жайылмасы 2200 шаршы км ауданды алып жатыр. Дүре – 700 км², Қараөзен – 600 – 700 км², Сарыөзен – 200 – 300 км², ал Бұлдырты – 100 км² жуық жерге жайылған. Облыс аумағында көлдер әркелкі орналасқан : Елек алабында – 5, Өлеңті алабында – 1 - 2, Бұлдырты алабында – 10 – нан аса, Қалдығайты алабында – 20 – дан аса (оның ішінде жазда тартылып қалатын Итмұрын тұзды көлінің шарасы – 112 км²), Жақсыбай алабында 5 – 6 шағын көл бар. Ойыл сағасындағы Аралсор (Өзенсор) көлінің ауданы – 112 км². Бұл көлдердің бәрі Жайықпен ұласпайтын өзендердің алаптарында орналасқан. Облыстың оңтүстік – батыс бөлігі көлді келеді. Олар Дүре – Шежін жайылма суларының оңтүстік бөлігінде, Көшім және Мұқыр өзендерінің сағалық жағында Қараөзен, Сарыөзен сағаларында (Қамыс – Самар көлдері) шоғырланған. Бұлардың арасында 200 км² ауданды алып жатқан Балықты Сакрыл, Сарай, Қамыс – Самар көлдерін бөліп атауға болады. Облыстың осы бөлігінде су айдыны 1 – ден 4 км² дейін тұзды, кеуіп қалатын көлдер көп, олардың да ауданы 72 км² тұзды Боткөл бар. Оның ең терең әрі уқымды су айдыны Шалқар көлі, ауданы – 242 км².

 

Жануарлар дүниесі

Батыс Қазақстан облысының тоғайлы-орманды өңірлерінде бұлан, елік, өзендер бойындағы қалың қамыс арасында қабан, оңтүстігіндегі құмды жағында ақбөкен, түлкі, қарсақ, қасқыр, қоян, күзен, құндыз; кеміргіштерден сарышұнақ, құм тышқаны, т.б. мекендейді. Облыста құстардың көптеген түрлері (аққу, қоңырқаз, сұрқаз, тырна, бірқазан, балықшы, құр, ақиық, кезқұйрық, безгелдек, қаршыға, т.б.) кездеседі. Өзен-көлдері балыққа бай (сазан, көксерке, аққайраң, табан, жайын, шортан, т.б.). Жайық өзенінде бекіретәріздестер (бекіре, шоқыр) кездеседі. Облыс аумағында сүтқоректілердің 70 түрі, құстардың 310 – ға жуық, рептилияның 19, қос мекенділердің 7, балықтардың 51, әр алуан омыртқасыздардың мыңдаған және дөңгелек ауыздылар мекендейді. Сүтқоректілерден өздерінің алуан түрлілігімен ерекшелінетін кеміргіштер де бар. Олардың ішінде әсіресе кішкентай сарышұнақ, кәдімгі сұртышқан, дала алақоржыны кеңінен таралған. Қамысты – қоғалы қалың нудың арасында, кейбір өзендер мен ірі көлдерде аңдатр (су тышқаны) мекендейді. Жайықтың ескі арналарында қайтадан құндыз кездесе бастады. Орқоян кең таралған, ал облыстың солт. бөлігінде аққоян мен дала шақылдағы кездеседі. Жыртқыштардан қасқыр, түлкі, аққұлақ, аққіс мекендейді, сондай – ақ қарсақ, дала мен борсықты, кейде шұбаркүзенді көруге болады, оңтүстік – батыстағы адырлы құмдарда жабайы мысық бар, кейде бұл ауданда жанат тәрізді ит кездеседі. Оқта – текте тоғай тауығы, кәмшат, еуропа қара күзені, тіпті сілеусінді ұшырастыруға болады. Жәндік қоректілерден кәдімгі және құлақты кірпі, жертесердің бірнеше түрі, жұпартышқан кеңінен таралған, жарқанат едәуір көп (8 түрі бар). Тұяқтылардан киік көп тараған. Жайылмалық орман – тоғайларда бұлан мен елік мекендейді. Құстардың ішінде ең көбі торғай тектестер (120 – ға жуық түрі бар). Орман – тоғайда қызылторғай, мысықторғай, сарышымшық, қызылқұйрық, мақтанторғай, құрқылтай, барқылдақ торғай кездеседі. Орман алаңқайларында сұлусары, бақторғай сұр мақтанторғай, өзен жағалауларын, ескі арналарды бойлай өскен бұталарда құрқылдақторғай, жасымықторғай, Жайын жайылмасының солт. бөлігінде шырылдақторғай, сарықасторғайлар бар. Облыста бауырымен жорғалаушылардан кесірткенің 10 түрі, жыландардың сегіз түрі және тасбақа (батпақты) бар. Облыстың өзендері мен көлдері өздерінің балыққа байлығымен және әр алуандығымен ерекшелінеді. Ең көбі тұқы тәрізділер (28 түр), олардың ішінде әсіресе жерсінгендері – ақамур мен дөңмаңдай. Тұщы суларда табан, мөңке, сазан, ақбалық, көксерке, т.б. кездеседі. Жайық өзені аса бағалы бекіре тұқымдастарға (шоқыр, бекіре, қортпа) бай. Омыртқасыздар ішінде буынаяқтылары, әсіресе жәндіктер (2,5 мың түрге жуық) көп және қоңыздар басым болып табылады (1,2 мың түрге жуық). Көбелектер отрядының 400 – ге жуық түрі бар, екі қанатты және жарғақ қанаттылар 150 – 200 түрден саналады. Әр түрлі типтегі омыртқасыздар негізінен топырақ қабатында таралған. Олардың ішінде қарапайымдылар мен ірі құрттардың – 10 – 15, өрмекші, кенелердің 100 – ден астам түрі бар. Су түбін мекендеушілерден, әдетте, әр түрлі құрттар, буынаяқтылар мен олардың дернәсілдері (шамамен 100 түрден), сондай – ақ молюскалар кездеседі. Планктонның негізгі массасын шаян тәрізділер (дафния, циклоптар), қарапайымдар (инфузория, арцелдер), жәндіктердің дернәсілдері, хиромид және басқалары құрайды.

 

Өсімдіктер дүниесі

Облыстың солтүстік бөлігінде бетегелі дала өсімдіктері мен шөлейт белдемнің өсімдік түрі басым. Өзен жайылымдарында астық тұқымдасты шөп түрлері, кей жерлерде қалың қамыс, құрақ өскен. Жайық аңғарында терек, емен, қайың, тал, Сырт және Орал үстіртінде, Елек өзені алабында шоқ қайың орманы көптеп кездеседі. Облыстың флорасында 106 тұқымдасқа жатқызылатын гүлді өсімдіктердің 1300 – ге жуық түрі, олардың ішінде күрделі гүлді (220), атбас бұршақты (139), астық тұқымдас (118), көкпек (113), зиягүл (104) түрлері бар. Өсімдіктерді эндимиктік түрлері : Талиев гүлкекіресі, қатты жапырақты келерия, майысқақ боз, Еділ майқарағайы және т.б. Облыстың өсімді жамылғысында үш белдем (зона) элемент кездеседі. Солтүстіктен нағыз дала белдем өтеді, орталықтың едәуір бөлігі шөл дала немесе шөлейіт белдемге енеді, ал оңт. аудандар шөлдің солт. шегіне ұласады. Жалпы өсімдік жамылғысында бір кездері далалық сипаттың басым болғаны байқалады, бірақ оны пайдалану барысында табиғи жағдайының өзгеруінен бірте – бірте шөлге айналу құбылысы етек жаюда. Негізінен нағыз дала зонасы облыстың солт. бөлігін алып жатыр және бұл өңір боз әрі бетегелі дала болып табылады. Боз даланың оңт. шегі Еруслан бастауынан Қараөзен және Сарыөзен арқылы, Ершов кентінен 2025 км оңтүстікке, одан әрі Жалпы Сырт сілемдерімен Красный кентіне дейін, Дарьинск арқылы Шалқар көлінімен солт. жағалаумен, содан соң Елек және Қобда су айырығын бөле шығысқа қарай өтеді. Бұнда далалық боздың әр алуан түрлерімен қатар қылтанақсыз арпабас, бедетүнгі шегіргүл, дала шиесі, талбұршақ және т.б. кездеседі.Облыстың шөптесін қорының бсты түрі – жайылмалық шалғындар. Жайықтың төңірегінен биіктеу белесті – жады келетін жайылмаларында бидайық тектес және жусанды – бидайық аралас өскен шалғын көп кездеседі. Жайылмалық шалғындарда көбіне миямен араласа бидайық, сұлыбас өседі. Жайылмалардың ең төмен учаскелерін өлең шөбі басым батпақты шалғындар алып жатыр. Облыстың орман – тоғай өсімдіктерін зерттеген кезде дала тоғайларының негізінен қосымша ылғалды белдемдерге ұштасып келетіні анықталды. Облыстағы орман алқаптары – жайылмалық орман – тоғай, құмайт масивтердегі бұталы алқап және көлтабан ойпандарындағы массивтер түрінде өскен ; жайылмалық тоғай көбіне өзен аңғарларымен байланысты. Мұнда аралас өскен бұталы үйеңкі, қара және ақтерек, шегіршін, көктерек, қайың, емен ағаштары ұзақ уақыт суда қалуға бейімделген. Құмайт массивтердегі тоғай шегі оңтүстікке қарай сұғына түсіп, 49 градус солт. ендікке дейін жетеді.

 

Климаты

Облыстың климаты тым континенттік. Қысы суық, жазы ыстық әрі құрғақ. Қаңтар айының орташа температурасы –11 — 14 °С, кейде —40 °С-қа дейін төмендейді, шілде айындағы температура 22 — 25 °С, кейде 40 °С-қа дейін көтеріледі. Жауын-шашынның көп жылдық орташа мөлш. 190 (оңт-те) — 350 мм (солтүстікте). Қар жамылғысы 70 күннен (оңтүстікте) 140 күнге (солтүстікте) дейін жатады. Жыл бойына екпінді желдер (кейде 15 — 20 м/с-қа дейін) болып тұрады. Өсімдіктердің вегетациялық кезеңі 150 — 170 тәулік.

 

Жолдары

Батыс Қазақстан облысында темір жол, автомобиль жолы және су жолы көлігі дамыған. Темір жолдың жалпы ұзындығы 417 км. Автомобиль жолдарының ұзындығы 8,5 мың км, оның ішінде 2,5 мың км жол асфальттанған. Негізгі автомагистралдары: Орал—Атырау, Орал—Ақтөбе, Орал—Орынбор. Жайық өзенінен Атырауға дейін кеме қатынайды. Қазақстанның ірі қалаларымен және кейбір шет ел қалаларымен әуе қатынасы бар.

Пікірлер
0 / 1 отзыв
пікір қалдыру
Сонымен қатар
0 / 1 отзыв
Қазақстан облыстары

Қазақстан Республикасының орталығында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. 1939 жылы құрылған. 1961 – 92 жылдары Целиноград облысы болып аталды.

5 / 0 пікір
Қазақстан облыстары

Қазақстанның солтүстік-батыс өңірінде орналасқан әкімшілік бірлік. Территориясы бойынша Қарағанды облысынан кейінгі екінші орында.

5 / 0 пікір
Қазақстан облыстары

Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысындағы әкімшілік бөлік.

0 / 0 пікір
Қазақстан облыстары

Батыс Қазақстанда орналасқан облыс.

5 / 0 пікір
Қазақстан облыстары

Қазақстан Республикасының солтүстік-шығысындағы әкімшілік-аумақтық бөлігі.

0 / 0 пікір
Қазақстан облыстары

Қазақстан Республикасының оңтүстігінде орналасқан.