Ақтас мешіті
Мәдени мұра
0 / 0 пікір
Қызылорда облысы
Сипаттама

Ескерткіш Бесарық аулынан оңтүстік-батыс бағытқа қарай 11 км қашықтықта Ақтас деген жерде орналасқан (Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы).

Ғимарат Айқожа ишанның (оның кесенесі жақын жерде орналасқан) өсиетімен салынып, «Ақтас» деп аталады. Аңыз бойынша бұл мешіттің «Айқожа мешіті» аталмай, «Ақтас мешіті» аталуының өзіндік сыры бар. VIII ғ. Ақтас деген әулие кісі араб сарбаздарымен келіп, шейіт болып, осы жерде жерленіпті. Міне, сол кісінің құрметіне «Ақтас мешіті» деп аталған екен. Дегенмен, ел арасында «Айқожа ишан мешіті» деп те қатар аталып жатады.

Ауызша тарих деректеріне сүйенсек, мешіт құрылысын Айқожа ишанның үлкен ұлы Ибадулла бастап салып, кіші ұлы Атамағзұм аяқтаған. Мешітті салу үшін арнайы Самарқандтан шеберлер алдырып, Тәшкенбай деген кісі құрылысты қаржыландырып отырған. Ал кірпіші жергілікті халықтың күшімен құйылған. Ғимарат Сырдарияның оң жағалауындағы жайылма алқап үсті террасасындағы қырқада орналасқан. Террасаның етегінде емдік қасиеті бар бұлақ ағып жатыр.Мешіттің биіктігі сондай, одан Қожа Ахмет Яссауи мен Арыстанбаб кесенелері көрінетін болған.

Ғимарат тікбұрышты күйдірілген кірпіштерден (26×13×6,5 см) тұрғызылған, жоспарындағы аумақтық өлшемдері 18,55×19,0 м., биіктігі – 20 м. Пішіні төрт бұрышты етіп салынған күмбезді мешіттің қасбеті шығыс жақта орналасқан. Мешіт күмбезіне 4 қырлы, 2 қабатты мойындық арқылы көтерілуге болады. Қабырғалары сәндік өрнектермен әшекейленген. Кіреберіс жағында үш биік, сәнді аркасы бар, ортаңғы аркадан мешітке кіретін есік жасалған. Солтүстік және оңтүстік жақтағы қабырғасына әшекейлі терезелер орнатылған. Солтүстігіндегі терезенің астыңғы жағында және бір есік бар. Мешіттің михрабы батыс жақтағы қабырғаның орта тұсында орналасқан. Солтүстік іргесіне жүргізілген қазба жұмысы барысында төртбұрышты шағын бөлмелердің іргетасы ашылады. Осыған байланысты мешіт жанында медресенің болуы туралы болжам бар. Оған қоса, ғалымдардың зерттеулері бойынша, мешіттің тұрған маңында қазақтардың тұрақты мекен жайларының болғандығы туралы да жорамал айтылады. 1984 ж. тарихи ескерткішті қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Сырдарияның төменгі ағысындағы ең биік мешіт құрылысының жүргізілу тарихы туралы ел арасында көп айтылады. Архитектуралық ескерткіштің салынуын жергілікті тұрғындар қасиетті санаған тұлға – Айқожа ишан есімімен байланыстырады. Қажылық жасаушылар Меккеге бармас бұрын осы мешіттің маңындағы жерге жиналатын болған. Ислам дінін ұстанушы мұсылман қауымы үшін мешіт қасиетті орын болып саналатыны белгілі. Қазіргі күнде мешітке келген жамағат намаз оқып, құран бағыштап, діни жоралғыларды жасай алады.

Ақтас мешіті қайталанбас өнер туындысы ретінде 1982 ж. республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіші тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынады.

 

Деректер

Байтенов Э.М. Мавзолеи в окрестностях г. Яны-Курган // Вестник КазГАСА. – 2001. – № 1. – С. 16–25.

Жаңарған Жаңақорған. Тарихнама. – Алматы: әл-Фараби, 1998. – 210 б.

Жолдасбаев С. Ақтас мешіті // «Сыр елі». Қызылорда облысы: Энциклопедия / Бас редактор Б.Ғ. Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2005. – 544 б. – Б. 84.

Ибадуллаева З. Айқожа ишан және ишандардың қазақ даласындағы орны // Сыр бойы. – 2008. - 11 қазан.

Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени ескерткіштерінің жинағы. Қызылорда облысы. – Алматы: Аруна, 2011. – 504 б.

Фотографии из фондов Коммунального государственного учреждения «По охране памятников истории и культуры Кызылординской области управления культуры, архивов и документации Кызылординской области».

Пікірлер
0 / 0 пікір
пікір қалдыру
Сонымен қатар
0 / 0 пікір
Мәдени мұра

Қазақ даласындағы ең көне орындардың бірі – Сарайшық қаласы.

4 / 0 пікір
Мәдени мұра

19 ғасырдағы қазақтың ұлы ақыны, еркін ойлы мен көтеріліс рухтандырушысы Махамбет Өтемісұлының жерленген жері Атырау облысының Индер ауданы, Индербор ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 40 шақырымдағы жерде орналасқан.

5 / 2 отзыва
Мәдени мұра

Атырау облысы мәдени сәулет ескерткіштеріне бай, солардың бірі - Жұбан Кесенесі.

0 / 0 пікір
Мәдени мұра

Сенек қорығы - 17 – 20 ғасырлардағы сәулет ескерткіші.

0 / 0 пікір
Мәдени мұра

Атырау қаласының орталығында Исатай Тайманов көшесінде басты алаңнан бірнеше адым жерде қаладағы ескі және ең әдемі сәулет өнерінің ескерткіштерінің бірі – Успендік соборы орналасқан.

0 / 0 пікір
Мәдени мұра

Тек Атырау қаласының ғана емес, сонымен қатар бүкіл Атырау облысының мәдени өмірінде жетекші орындардың біріне Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театры ие болып табылады.