ЕЛІМІЗДЕГІ НЕГІЗГІ 17 НЫСАН

ЮНЕСКО Әлемдік мұралар тізіміне еліміздің көптеген тарихи ескерткіштері мен ескі қалашықтары, даласы мен көлі енген. 

 

1. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі

Бүгінгі Түркістанның ескі атауы Яссы болғаны тарихтан белгілі. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі сол тарихы тереңде жатқан шаһарда бой көтерген. Бұл негізі Сырдарияның аңғарынан орын тепкен жай қалалардың бірі болған. Оның мәртебесінің өсуі Яссауидің атымен тығыз байланысты. Сырдарияның бойындағы шаһарларды жиі аралаған Жамал әл-Қарши өзінің еңбегінде Қожа Ахмет есімін атап көрсетпепті. Ал сол ғасырларда өмірге келген «Хадиқат әл-а-рфин» еңбегінде Яссауи халық пір тұтқан данышпан тұлға ретінде айтылып кетеді. Түркі халықтарыныңк ішінен шыққан Қожа Ахмет Хаққа қызмет етудің басы – халыққа қызмет етуде жатыр деп ұғынған. Оған соғылған кесене өзінің айырықша көркемдігімен, архитектуралық сипатымен ерекшеленеді. Осы бір тарихи тұлғаның артына қалдырған «Дуани хикмет» атты еңбегіне, жүріп өткен өнегелі өміріне, көптеген тарихшылар, археологтар, шығыстанушы ғалымдар, географтар мен археолог, сәулетшілер назар салған. Бұл кесенедегі отыз бес бөлмені шеберлер бір кешенге керемет біріктіріп, зәулім сәулет өнерінің туындысын өмірге әкелген. Аталмыш кесененің биіктігі отыз тоғыз метрді құрайды. Бұл бүгінгі 10 қабаттан тұратын үймен тепе-тең. 

Мұндағы ғажайып архитектурамен бірге сол ғасырда ғұмыр кешкен шеберлердің қолынан шыққан өрнекке толы тайқазанды, қола шырақ, үлкен жалау, оюлы есіктер және тағы басқа көне бұйымдарды кездестіруге болады. Сәулет кешеніне зерттеу жұмыстарын жүргізгенде ұлы шайқының өмірден өткен уақытын көрсететін Яссауидің бірінші моласынан қалған құрылыстардың бөліктері анықталыпты. Сол қабырға арқылы зерттеушілер Қожа Ахметтің бірінші кесенесі ХІІ ғасырдың екінші бөлігінде салынғанын айғақтап отыр. Яғни, нақты 1397 жылы Яссауи кесенесі тұрғызыла бастаған уақыт деп айтуға негіздер жоқ. Ғалымдар сол дәуірде жазылған еңбектерді зерттей келе, ғимарат құрылысы одан 6-7 жыл бұрын басталуы мүмкін деген пікірге келіп отыр. ХV ғасырдың басында Ақсақ Темірдің өмірден өтуіне байланысты кесененің қасбеті аяқталмай қалыпты. Қазіргі бізге қалған ғимараттың құрылысы шамамен он бес жылға созылуы мүмкін. Археологтар жаңа кесене жұмысына кіріспей тұрып, сол орында болған ескі мазарлардың бұзылғанын айтады. Ғимарат құрылысының бірінші кезеңі шамамен 1390 жылдары басталып, 1395 жылдары аяқталуы мүмкін екен. Ол кезде ортаазиялық шеберлер кіріскен кесененің біршама бөлігі тұрғызылады. 1397 жылдан былай қарай жүргізілген құрылыс жұмыстары екінші кезеңге саяды. Ол кезде бас порталдың тегістелген биік бөліктері, қазандық, қабірлердің кұмбездері салыныпты. Ал солтүстік-батысындағы бөлме негізінде мешіт ретінде жасақталады. Өрнектер салынып, бас бөлмелердің күмбездеріндегі ішкі жақты сталактиттармен әсемдеп, келесі бөлмелерді сылай бастаған кезеңде ирандық шеберлер атсалысқан делінеді. Шамамен он бес жылдық құрылыстан кейін Яссауи кесенесі көпшілік бас сұғатын мінәжат орнына айналып шыға келді. 6-7 ғасыр бойы сақталып келе жатқан кесене тек Қазақстанның ғана емес, ислам өркениетінің керемет тарихи орындарының қатарына жатқызылады.

 

2. Тамғалы петроглифтері

Ашық аспан астын мекен еткен Тамғалы петроглифтері байырғы адамдардың ғұмырынан сыр шертетін ғажайып суреттерге толы орын. Тарихи деректерде оны қола дәуірінде ғұмыр кешкен арий тайпалары салғаны айтылады. Ондағы көріністер Индра құдайы тіршілікті құрып, жылан-әзәзіл Вритраны жеңгендігі турасында Ригведағы аңыздарды суреттейді. Мұндай петроглифтерге толы жартастар ғибадатханың ерекше бір бөлігі ретінде саналады. Жартастардағы тотығу процесінен өткен қара жылтыраған беттер петроглифтерді түсіруге керемет орын болғаны анық. Бұл орынды өткен ғасырдың 50 жылдары А.Максимованың жүргізген экспедициясы ашқан болатын. Ол Берштам, Грачтардың еңбектерінен кейін тапқан бұл жерді қола, біздің дәуірімізге дейінгі ІІ-І мыңжылдықты құрайтын ерте темір дәуірі мен орта ғасырға (VІ-VІІ ғасырлар) және де жаңа заманға жатқызған еді. Кейін келе ол мерзімдер қайта зерттеліп, даталанған болатын. Ашық аспанның астындағы бұл ғажайып орын Қазақстан тарихындағы ерекше петроглифтерті аймақ болып саналады. Сол сияқты мұндағы суреттерді зерттегендер Әлем мен оның құндылығы жайында пұтқа табыну дәстүрінен сыр шертілетінін айтады. Жартастардың бетіне түскен ол суреттердің толық түсінігін табу үшін ғалымдар ежелгі мифтердің түп мағынасын ашуы керек екені анық. Басқа да зерттеушілер мұндағы ғибадатханадан құрбандық шалуды, абыздар мен басқа да киім киген адамдардың діни салт-жоралғыларын көретіндіктерін жеткізген. Яғни, түрлі діни шараларды ұйымдастыратын орын ретінде қарастырады. Петроглифтердің ерекшелігі сондай ландшафтардың тарихи көрнекілігінен көрініс беріп, Тамғалыны басқа орындардан айшықтай түседі. Жартастағы суреттер Қазақстанның ғана емес, Орта Азия жеріндегі көне діни әрі мәдени орталықтың бірі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне 2004 жылы енгізілді.

 

3. Сарыарқа – Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері

Сарыарқа тек еліміздегі ғана емес, Азияның орталық бөлігінен бірінші болып ЮНЕСКО тізіміне қосылған табиғи нысан болып табылады. Ол шешім осыдан он екі жыл бұрын 7 шілдеде Канаданың Квебегінде ұйымдастырылған Әлемдік мұра комитетінің 32-сессиясында қабылданды. Бұл жер еліміздің далалық аймағын алып жатқан 2 қорықтың орналасқан аумағы. Оның жалпы ауданы 450 мыңнан астам гектарға жетіп жатыр. Қорғалжын мен Наурызым қорықтары тұщы әрі ащы сулы қос өзен тобын қамтып отыр. Таңғажайып табиғаты, көне тарихи орындармен ұштасып жатқан қазақ даласының, оның ішінде Арқа жерінің алқалы жері арқылы жыл сайын миллиондаған құстар ұшып өтеді. Қорғалжын қорығында гүлді өсімдіктердің 443 түрі бар. Ал құстардың 354 түрін, сүтқоректілердің 41 түрін кездестіруге болады. Оның ішінде Қызыл кітапқа енгізілгендері қаншама.

 

4. Қарамерген қалашығы

Іле өзенінің бойын ХІІ-ХІІІ ғасырда жайлаған ортағасырлық ірі қалалардың бірі Қарамерген болған. Алматы облысының аумағында жатқан туристік нысан ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне 2014 жылы енгізілді. Ол Бақанас өзені маңайында, Балқаш көліне жақын жерде жатыр. Ақтам қалашығымен салыстырғанда көлемі біршама үлкенірек болып келеді. Өкінішке қарай ХІІІ ғасырда екі қала да моңғол шапқыншылығынан кейін қиратылған. Сол сияқты өзен арнасының өзгеріп кетуі қаланы қайта қалпына келтіруге мүмкіндік бермеген. Шапқыншылық пен эрозияны бастан өткергеніне қарамай, мұндағы үй-жай қалдықтары және ирригационалды жүйенің сақталғанын байқауға болады. Қарамерген тұрғындары отырықшылықпен айналысқан. Сол сияқты тоғайлы орманды жерлерде аңшылықпен күн көргендер де болыпты. Яғни, қаланың осылай атануына сол ғасырда өмір сүрген мықты мергендер әсер етсе керек. Бұл жерлерде тұран жолбарыстарының мекендегені жөнінде айтылады. Кейі тұрғындар Іле өзені мен Балқаш көлінен балық аулап, тіршілік еткен. Қаланың өлшемі 115х120 метрлі тікбұрышты болып келеді, ал бұрыштары кардиналды нүктелерге қарай бағыт алған. Бұрыш биіктігі үш метр, дөңгелектеліп келген. Бекіністің оңтүстік-шығысынан бір шақырым жерде, қазіргі Ортасу өзенінің арналарынан канал өтіпті. Сол секілді археологтар бұл жерден ІХ-ХІІІ ғасырларға жатқызылған керамиканың қалдықтарын тапқан.

 

5. Талғар қалашығы

Талғардың тарихи деректерде Талхиз атауымен жүргендігін жақсы білеміз. Сонымен, Талхиз алты жыл бұрын Ұлы Жібек жолы бойында орын тепкен отыз үш көне қалашықтың бірі ретінде ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне қосылған еді. Қоныс Алматы қаласынан күншығысқа қарай жиырма бес шақырым жерде, қазіргі Талғар қаласының шеткі жағында орналасқан-ды. Ғалымдардың айтуынша, бұл қалашықта VIII-XIII ғасырларда 8 мыңнан аса тұрғын өмір сүрген. Әлемдік мұра тізіміне қосылған жылы осындағы цитадельдің солтүстікке қарайтын қақпасы мен мұнарасын «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны қайта жаңғыртқан болатын. Тағы бір айта кетерлігі, ескі қалашықтың үстімен жүргізілген көлік жолы, көне қонысқа айтарлықтай зиян келтірген еді. Кәсіби мамандар іске кірісудің арқасында ескі нысандар қайта қалпына келтіріліп, біршама игі шаруалар жасалды. Сонымен қатар, Талхиздің солтүстігінде салына бастаған коттедж үйлердің тұрғызылуы тарихи ескерткіштердің қорғау жөніндегі халықаралық сарапшылардың сынына ұшырады.

 

6. Қойлық қалашығы

Бұл қалашық ХІ ғасырдың және ХІІІ ғасырдың бас кезіндегі бізге жеткен жазбалардан қарлұқ билеушілерінің ордасы саналған Қаялық атымен белгілі. Кейінірек Шағатай ұлысы ірі саяси-мәдени орталыққа айналдырды. Ол қазіргі Қойлыз ауылы күншығысында, Жоңғар Алатаудың етегінде жатқан қоныс. Көптеген ғасыр бойында туристер мен елшілер, сауда керуендері жүріп өткен Жібек Жолы, бүгінгі Алматы-Өскемен тасжолы Қойлықты екіге жарады. Қойлыққа жақын жерде Арабсай атты шатқал тұр. Қойлықтың жері 750х1200 метр болатын қисық бұрыштары бар қамалмен қоршалған екен. Бүгінгі күнге дейін жеткен шығыстағы қабырғасының биіктігі төрт метрге жетеді. Ал қалған дуалдардың тек іздері бар. Кей құрылыстарды, оның ішінде Будда ғибадатханасын қалашықтың сыртқы бөлігінен, 100 метр аумақтан кездестіреміз. Ол тұста егіндік жерлер мен тағы да басқа шикі кірпіштен қаланған діни орталықтар бар. Қалашықтан табылған күміс, мыс ақшалар Қойлықтың ХІІІ ғасырдың ары-берісінде ірі саяси, сауда орталықтың болғандығын айғақтайды. Мұнда сол сияқты хан-билерге, атақты әулие, тақуа, сопыларға арналған ханакалар болған. Археологтар жүргізген зерттеуде бұл пікірлер расталған. Ертемұсылмандық кесенелермен қатар, будда және манихейлік ғибадатханаларға зерттеу жүргізілген. Тарихшылар Қойлықтың пайда болуын VІІІ ғасырдың аяғы мен ІХ ғасырдың бас кезінде деп топшылайды.

 

7. Ақтөбе қалашығы

Бұл қалашықта ІХ – ХІІІ ғасырларда тіршілік болған. Орналасқан жері – Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Бесжылдық ауылы. Оны алғаш рет 1978 жылы К.Байбосыновтың басқарған экспедициясы ашқан еді. Ол жерден табылған алаңның ауданы 150х110 метрді құраса, биікті үш жарым метрге дейін жетеді. Ақтөбе қалашығын ені 16 метр, биіктігі екі метрдей болатын жал қоршаған. Әр бұрышы әртүрлі тарапқа қарайтын ескерткіштің кесіндісі солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай бағытталған үш алаң түрінде орналасқан. Қалашық 2014 жылы ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізілді.

 

8. Ақыртас қалашығы

Жамбыл жерінің Тұрар Рысқұлов ауданынан табылған тағы бір Қазақстан тарихи ескерткіштерінен ерекше орын алатын сарай бар, ол – Ақыртас кешені. Оның салынған уақыты ретінде VІІІ-ІХ ғасырды көрсетеді. Ақыртас жүз жылдан да көп уақыт бойында тоқтаусыз зерттеліп келе жатқан қалашық. Нақты орналасқан орны – Тараз шаһарының күншығысында қырық шақырымдай жерде, Ақшолақ теміржол станциясынан алты шақырым жер. Ол жерден табылған құрылысқа қолданған материалдың тас болуына, пішімі малдарға шөп салуға арналған ақырға ұқсастығынан Ақыртас атауы шыққан болуы мүмкін. Қалашық алыстан көзге ұрылып тұру үшін таудың үстіне төртбұрышты жобамен тұрғызылған. Бүгінге дейін жеткен қабырғалардың сілемдерінің ұзындығы 160, 146, 140 метрдей болады. Ал олардың қалыңдығы 40х70х70 сантиметр. Сол сияқты Ақыртасты ірі-ірі тас блоктармен қоршаған екен. Мұндағы қорғаннан төрт қақпа табылған. Оның біреуі солтүстік бетте болса, қалғандары оңтүстікке қарай бағытталыпты. Үй-жайлар ішкі ауданда топтастырыла салыныпты. Онда қызмет көрсету мен шаруаға керекті бөлмелер бар. Оңтүстікке қарайтын есіктен осы қалашық иесінің жатын және де қонақ бөлмелері табылып отыр. Ал солтүстік есік жақта осы үйде қызмет жасайтын адамдар мен күзетшілердің және де бір бөлігінде ат қораның орны бар. Суқоймасы орын тепкен орталықтағы аула осы қорғанды қарауылдаған әскерлердің алаңы, жарлықтарды жариялауға арналған арнайы орын, сонымен қатар діни әртүрлі рәсімдерді атқаратын орын болған сыңайлы. Ақыртас жайында ғалымдардың пікірі екіге жарылады. Мәселен, П.Лерх бұл орында толық салына қоймаған буддалық ғибадатхана деген болжам айтса, В.Бартольд несториан ғибадатханасына ұқсайтындығын жеткізген. Археолог-ғалым Т.Басенов бұл кешенді салынып аяқталмай қалған ірі бектің сарайы болуы мүмкін дейді. Ал 1996 жылы зерттеу жүргізген қазақстандық және француз ғалымдар Ақыртасты тіпті ірі керуен сарайының орны дегенді айтқан болатын. Оған себеп, құрылыс жобасының ортағасырлық Ирак, Сириядағы құрылыстарымен ұқсастығы. Жалпы, Ақыртас кешені VІІІ ғасырдың екінші бөлігінде, яки 751 жылы қарлұқ пен араб жауынгерлерінің Атлахтың маңында Қытай әскерлерін жеңіп, қос мемлекет арасында бейбіт қарым-қатынас орын алған уақытта салынуы ғажап емес. Десе де, құрылыстың неге тоқтап қалған бізге белгісіз күйінде қалып отыр. Арабтарда кездесетін мәліметтердегі Ұлы Жібек жолы бойындағы Касрибас кешені осы Ақыртас болуы мүмкін екен.

 

9. Сығанақ қалашығы

Сығанақ қалышығы туралы ең алғашқы деректер Х ғасырдағы парсылық шығармаларда, нақты айтқанда «Худуд әл-Әлем» атты еңбекте айтылады. Бұл қала турасында «Қыпшақтар даласының айғағы», «Сығанақ - мыңжылдықтың қаласы», «Сығанақ – қазақ хандығының тұңғыш ордасы», «Сығанақ – қазақтың бірінші астанасы» деген секілді теңеулердің жай болмағанын аңғарамыз. Яғни, Сығанақ тарихы тереңде жатқан Қазақ хандығы үшін ерекше орын алған қалашық болған. Х ғасырларда Сығанақтың ғұн мен қаңлылардың, одан келе ХІ ғасырдың келесі бөлігінде қазақтардың құрылуына негіз болған қыпшақ мемлекетінің шығыс бөлігінің ордасы болғандығы туралы деректер кездеседі. Сыр бойына көшіп келген қыпшақтар қаланы өздерінің орталықтарына айналдырған. Яғни, ірі сауда орталығы әрі керуен жолындағы маңызды шаһар етеді. Парсы саяхатшысы Рузбихан Исфахани Сығанақты сол аймақтың солтүстігіндегі жер жаннатының шеті ретінде сипаттайды. Бұл қала тек Дешті Қыпшақтағы сауда нүктесі емес, жер көлемі кең, тыныш әрі қауіпсіз қала ретінде көрсетіледі. Сол сияқты бұл қалашықта медицина керемет дамыған екен. Сығанақ өзінің екі мыңжылдық тарихында қаңлы тайпасының, қыпшақ хандығының, Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы және Қазақ хандықтарының астанасы қызметін атқарған. Ол сауда нүктесі ретінде, мемлекетаралық экономикалық қатынас пен саяси жүйеде маңызды рөл атқарған.

 

10. Жент қалашығы

Жент қалашығы – республикалық маңызға ие тарихи-мәдени ескерткіштеріміздің бірі. Ол Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы Аққыр елді мекенінен оңтүстік бағытқа қарай 30 шақырым, Жаңадарияның бас арнасынан 4 шақырым жерде тұр. ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне маңызды тарихи орын ретінде енгізілген. Қалашық ХІІ-ХІІІ ғасырлар аралығында тұрғындар саны көптігімен ерекшеленген. Ортағасырға жататын суландыру жүйесінің ізі, тұрғын үйлер, қорғандар Женттен күншығысқа қарай, Жаңадария өзенінің оң жағасын бойлап, Сырдарияға дейін қырық-елу километр жерді алып жатқан ірі аймақ болыпты. Табиғаты жағынан да керемет аумақты алған Жент қалашығы өзінің өмір сүруге қолайлылығымен ерекшеленеді. Сол дәуірде өмір сүрген көптеген саяхатшылардың жазбаларынан қала атауын ұшырастыруға болады. Оның атағы дардай болуына байланысты Арал теңізін де кейде «Женттік» деп көрсетеді. Ол турасында Қазақ энциклопедиясында орта ғасырдағы Сырдарияның төменгі ағысының бойын жайлаған қала екендігі, ислам дәуірі кезінде қалыптасқан кент екендігі айтылады. Сол сияқты ол ХІ ғасырда моңғолдардың жаугершілігіне дейін Сырдарияның бойын жайлаған қалалардың ішіндегі ең маңыздысы болғандығы жазылған. Тарихтан білетініміз ХІ ғасырдың бірінші жартысында Шыңғыс ханның қалың қолы Сырдың бойындағы оғыздардың қалаларын жойып, халқын қырғынға ұшыратып, төрт жүз жыл бойы мәдениеті қалыптасып келе жатқан оғыз-қыпшақтарды көшпелі салтқа қайта түсірген. Алайда 1220 жылы Жентке Жошы келіп, өзінің біраз жылдар бойы астанасы еткен. ХІІІ ғасырдың екінші бөлігінде Жемал Карши осы қалаға жолы түсіп, ертеректе байлығымен аты шыққан кенттің жұпыны халін көріп, құлдырауға жақын екендігін айтып кетеді. Соған қарамастан Жент қалашығында дүрілдеген базар болған, көптеген саудагерлер сонда келу үшін асыққан екен. Археологиялық зерттеуге келсек, ғалымдар П.Лерх, Каллаур, И.Кастанье Жент кентінің атын атап, түсін түстегенмен, орналасқан жерін нақтылауға келгенде шарасыз болыпты. Алғаш болып С.Толстов 1946 жылы Женттің орнын тауып, нақты үлгісін қолындағы мәліметтер бойынша көрсетіп, қала ғұмырын ХІІ-ХVІ ғасырлардың аралығы деп айтып кетеді. Оның пікірінше, Жент ХІІ-ХІІІ ғасырларда Хорезм хандығының әлемдік сахнаға шығу кезінде негізгі тірек болған қаласы. Бұл орынға ХХ ғасырда көптеген ғалымдар, зерттеушілер, археологтар табан тіреп, ұзақ уақыт бойында зерттеу жүргізген. В.Бартольд жасаған зерттеу жұмыстарынан кейін Сыр бойындағы қалаларды хунуерлер тұрғызған деген пікір білдірсе, М.Қашқари Женттің балшықтан қаланған ең ескі қалалардың бірі екендігін жазған.

 

11. Құлан қаласы

Ұлы Жібек жолының солтүстік бағытында Қазақстанның үстінен өткен тармақтары бойынан сәні мен сәулеті келіскен ерте ортағасырлық көптеген қала пайда бола бастады. Сол қалалардың ішінен маңызды орталықтың бірі болған Құлан қалашығын ерекше атап өтуге болады. Республикалық тарихи-мәдени маңызға ие қалашық VІ-ХІІІ ғасырларға жатқызылады. Ол Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Құлан елді мекенінің солтүстік-шығысында орын тепкен. Құлан 2014 жылы Ұлы Жібек жолы бойын мекендеген қалаларымен бірге ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне қосылды. Сол сияқты үш жылды араға салып «Қазақстанның киелі жерлері географиясының» қатарынан табылып, қасиетті нысан ретінде көрсетілді. Қалашық туралы алғашқы жазба деректерді VІІ ғасырлардың бас кезінен көруге болады. Сол уақытта өмір сүрген қытайлық діндар Сюань Цзянның өзі Ұлы Жібек жолымен өтіп, Шу, Талас бойын жайлаған қалаларға тоқталып, бүгінгі күнге дейін жеткен құнды мәліметтер қалдырған. Ол жазбасында «Суябтың батысында он шақты жеке дара қалалар орналасыпты, олардың өздерінің бөлек-бөлек ел басқарушылары бар екен, соған қарамастан бәрі түріктерге бағынышты» деп айтып кетеді. Ал Құлан қалашығына қатысты былай деген: «Оңтүстігін тау алып жатыр, ал қалған бөліктері жазық далаға барып тіреледі. Бұл қаланың жері ылғалды, орманы да қалың, гүл көмкерген даласы көктем уақытында өрнекті жібектен аумай қалады. Мұнда көптеген бұлақ пен өзендер бар екен. Қала атауы да соған байланысты шықса керек. Түрік қағаны жаздың аптап ыстығында осында тұрақтайды. Бұл жерде құландардың табыны жүреді, мойындарына қоңыраулы әшекейлер таққан. Олардың адамға үйренгені қызық». Осы жазбадан қала атауы осы құландарға байланысты туғанын аңғарамыз. Сол сияқты араб географы Хордабек өзінің жазбасында қалашықты Ұлы Жібек жолын бойлаған қалалардың ішіндегі сәні мен сәулеті келіскен кент екендігін атап көрсетіпті. Куадама ибн Джафар «Салық туралы кітабында» Тараз қаласы мен Құланның солтүстігін құмды алқап алып жатса, оның арғы бетіндегі шөлді жер қимақтардың жеріне де жететінін айтқан. Ал әл—Мукаддаси өз еңбегінде Құланның Таразға барар жолда тұрғанын, бекінісі бар қала екендігін және бірнеше мешіттер барын жазып қалдырған. Сол сияқты әл-Хамавидің географиялық сөздігінде Құланның түрік елінің Мауераннахр тарабында орын тепкен көрікті қала деп баяндайды. Бұл қалашықта зерттеу жұмыстары ХІХ ғасырдан бастау алған. Бүгінге дейін жасалған үздіксіз зерттеуден Құланның шын мәнісінде түріктерге тиесілі сәулетті сарайлары бар, мемлекеттің орталық қалаларының бірі болғандығын көрсетіп берді.

 

12. Қостөбе қалашығы

Қазіргі Жамбыл облысының Байзақ ауданы Сарыкемер елді-мекенінің солтүстік-шығысында Талас өзенінің оң жағасынан Қостөбе қалашығының орны табылды. Ғалымдар оның VІ-ХІІ ғасырларға жататынын дәлелдеді. Тарихи ескерткіш 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Әлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Ал үш жылды араға салып, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасынан орын алды. Қостөбе қалашығы еліміздегі өңірлік маңызы бар ерекше нысандардың санатына кіргізіледі.

Бұл орын Талас алқабына жататын ірі қалалық орталықтардың бірі болған дейді зерттеушілер. Сонымен қатар, оның ескі атауы Жамұқат болуы мүмкін екен. Таластың ортағасырлық Жамұқаттың тарихшысы Нершахидің дерегіне сүйенсек, оны VІ ғасыр кезінде Бұқарадан келгендер салыпты. Жамұқат қала басшысының есімі болған.

Әл-Максидидің қалдырған еңбектерінде Жамұқаттың ірі шаһар болғаны, айналасын қабырғалы мешіттер қоршағаны, рабаты базарларға толы екендігі айтылады. В.Бартольд бұл қаланың басқа ғалымдар айтқандай Сырдың бойын емес, Талас аңғарын жайлағанын дәлелдеген еді. Десе де, Қостөбенің бір ескерткішін тауып, нақтылау жайы мүмкін болмай тұр. Оның топографиясын Суябтың, Навакеттің, Ақбешімнің құрылымдарына ұқсатады. Қостөбенің айналасынан ұзын қамал, рабат, шахристан, храмдар мен мазарлар табылған. Қаланың басты шаруашылық бөлігінде орлар мен мұнаралы қабырғалармен қоршалған биіктеу алаң бар. Оның орталық бөлігі шағындау төмпешік ретінде сақталған. Мұнда 1938 жылдардан бері қарай, түрлі мамандар зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Қала ішіндегі қамалды зерттеу нәтижесінде VІ-ХІІІ ғасырларға жататын сәулет құрылысы ашылды. Қостөбенің төменгі қабатының VІ мен VІІІ ғасырларға жататыны анықталып отыр. Онда айналма дәліздері бар, тұрғын-жайлармен, шаруашылық бөлмелері бар қамалды сарай аршылды. Қамалдың ішкі жағындағы ою-өрнектер мұнда сәулет өнерінің жақсы дамығанынан хабар береді. Өсімдіктер мен геометриялы нақыштардың көптеп кездесуі ислам дінінің таралғанының белгісі. Ғалымдар мұндағы өрнектер арқылы Орта Азиядағы ең озық нақыштардың үлгісі екенін баса айтып отыр. Әрине, бұл Талас алқабындағы қалалардың жай емес екенін анық аңғартады. Жоғары қабаттардан аршылған тиын мен қыш бұйымдар ХІІІ ғасырдың бас кезіне дейін Қостөбеде тіршілік болғанын байқатады. Зерттеу кезінде қамыс, ағаштардың күлі жиі ұшырасуына қарағанда, қаланың отқа оранып, не соғыс кесірінен күйрегенін түсінуге болады. Зерттеулер көрсеткендей, қала Ұлы Жібек жолын мекендеген Орта Азия, Таяу және Орта шығысты байланыстыратын ірі сауда және мәдени орталық болған. Тараздың жақындығы Қостөбенің гүлденіп, саяси, экономикалық тұрғыдан дамуына сеп болғаны анық. Қаланың өмірінің тоқтауына моңғол шапқыншылығының әсері көп.

 

13. Жетіасар мәдениет ескерткіші

Бұл аймақта біздің заманымыздан бұрын ІІІ-І ғасырлар аралығында қаңлы тайпалары өмір сүрген. Жетіасар Қызылорда облысында орналасқан. Ол тарихи нысаннан ешқандай белгі қалмай, тек топырақ үйінділері тұрғандықтан асарлар атауын алған. Ғалымдар ол ескерткіштерді зерттей келе, басты бөлігі қоныстанған Жетіасар шатқалының атымен атауды жөн деп табады. Бұл жерден Бидайық асар, Үлкен Қос асар, Кіші қос асар, Томпақ асар, Жаман асар, Тік асар, Моншақты асар секілді барлығы дерлік елуге тарта қала мен, жүздей обасы бар мазарлар, суландыру жүйелерінің орны аршылған. ХХ ғасырдың 50-жылдары С.Толстовтың басқаруымен Хорезм экспедициясы Сыр бойындағы көне солтүстік арналары арқылы жүріп отырып, асар кешенін ашқан еді. С.Толстовтың өзі 3 пен 9 Жетіасар қалаларында және бірнеше обаларда қазба жұмыстарын жасады. 5-6 жыл ішінде басқа да Жетіасарға жататын қалаларда зерттеу басталып кетті. Бұл қалаларды мекендеген халық Сырдарияның ортаңғы ағысы мен Ташкенттің айналасында тұрақтаған көрші отырар-қаратау мәдениеті мен қауыншы мәдениеттерін жасаған тайпалармен қоса, Қаңлы мемлекетінің құрамында болған. Зерттеушілер ол мәдениеттердің арасында сабақтастық барын ескеріп, бір уақытта ғұмыр кешкендерін есептей келе біріктіру шешіміне келген.

1973 – 1991 жылдардың арасында Л.Левина жетекшілік еткен топ Жетіасардағы жеті жүзге жуық обаға толық қазба жұмыстарын жасап, зерттеу жүргізген болатын. Бұл тарихи орын жергілікті маңызы бар ескерткіш ғана емес, республикалық, одан қала берді ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне қосылған. Мұндағы құрылысты зерттеушілер үш топқа бөліп отыр: алғашқысы – ғимаратты, бекіністі тұрғын үйлер, екіншісі – мықты қорғаныстық жүйесі болған мұнаралы әрі бекіністі қақпалар, алайда ішінде құрылыстың орны болмаған қамалдар, соңғысы – жақсы қорғаныс жүйесінің негізінде салынған, сол сияқты ішінде әртүрлі үй-жайлар кездесетін қамалдар болып табылады. Қалашықтардың көлемі 0,5-10 гектар болса, биіктігі 10-20 метр дөңгелек не сопақ болып келген екі қабатты құрылыстар қаладағы орталық ретінде саналған, оның үш (немесе төрт) жағында төменгі қабатты үйлер орын тепкен. Қалалардың бәрін де қорғанысы бар берік дуалдар салынған. Сол сияқты, кейбіреуінен биік-биік мұнаралар, қабырғаның үстінен өтетін дәліздерді байқауға болады. Оларды салуға пахсалы блок пен күйдірілген кірпіштер қолданған. Жетіасар тұрғындары мал шаруашылығымен айналысқан. Оған дәлел қазба жұмыстары кезінде табылған үй жануарларының (жылқы, қой, ешкі, сиыр) сүйектері. Қамалдары мықты болып келген асарлардың астанасы Алтынасар мен биік мұнаралары және бекіністері бар Алып қалашықтарына көп зерттеулер жүргізілді. Жалпы, Жетіасар мәдениетіне жататын тарихи орындарды кең көлемді зерттелулер әлі де тоқтаусыз жалғасып келеді. Бір қызығы, Жетіасар мәдениетіне жататын орындар қазіргі Қызылорда облысы, Түркістан облысымен қоса алғанда, Ташкент қаласына дейін жалғасып жатыр.

 

14. Шірік-рабат қалашығы

Қалашықта біздің дәуірімізге дейінгі V- ІІ ғасырларда тіршілік болған. Шірік-рабат Жаңдария көне өзені арнасында, қалың сексеуіл ішінде орын тепкен. Қаланың жоспары төбенің сүйірленген нысанына сәйкестеу. Ұзындығы шамамен 850 метрді құраса, ені 600 метрге жетеді. Шірік-рабат қалашығынан әртүрлі кезеңдерге жатқызылатын бекіністер қалдықтары табылып отыр. Көне қаладағы алаңның үлкендеу бөлігінің алып жатқан орны –42 гектар. Қалашық орталығында осы уақытқа жатқызылатын және де көне қалажұртқа да жатқызуға болатын төртбұрышты болып келген бекініс бар. Оның алып жатқан аумағы 12,4 гектарды құрайды. Көне қалашықтың оңтүстігін жиырма гектарға дейін созылып жатқан осы күнге дейін сақталған қоныстардың қабырғасы бөлген. Бекіністің сыртқы жағы қатты қиратылған, оның қалыңдығы 4,5 метр, ішкі қабырғаларында ені екі метрге жетеқабыл атыс ойықтары бар. Ол қабырғалар төртбұрышты, ал бұрыштары жұмырлы мұнаралармен қоршалған. Мұнаралар қабырғаның бетінен алты метрдей шығып тұрады, оның бұлай салынуына атыс ойықтары себеп болуы мүмкін. Кейінгі салынған қоныстардағы қабырғалар ұзындығы 100-ден 130 метрге дейін жетеді. Шірік-рабат қонысының ең ескі ескерткіші ретінде қорғандарды атауға болады. Зерттеушілер қала орнынан алты қорған тапқан, оның төртеуі көне қамал шекарасында жатыр. Олардың диаметрі алпыс метрге жетсе, биіктігі үш жарым метрдей. Бұл орынның жерлеуге арналған мазарлары мен кесене, ғибатханалары зерттеліп, біршама заттар табылды. Ғалымдар ол тарихи жәдігерлерге қарап, Шірік-рабат қалашығының нысандарын біздің дәуірімізге дейінгі V-VІ ғасырларға жатқызып отыр. Ал кейінгі қоныстар болса, біздің заманымыздың ІХ-ХІІ ғасырларына жатады.

 

15. Өрнек қалашығы

Қалашық Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Өрнек ауылының оңтүстігінен сегіз шақырым жерде Сұлутөр шатқалында орын тепкен. Өрнекті ғалымдар VІІІ-ХІІ ғасырларға жатқызады. Қалашық туралы және оның көне атауына байланысты ортағасырлық жазба деректерінде аз мәліметтерді кездестіруге болады. Араб жазбаларында ұшырасатын Құлшұб қаласы осы Өрнек болуы мүмкін деген болжамдар да жоқ емес. Сол дерекке сүйенер болсақ, қалашық қарлұқтардың қарамағында болған саяси-стратегиялық маңызы бар орталықтың бірі. Өрнектің топографиялық құрылымы мен ішкі құрылыстарға жүргізілген қазба жұмыстары мұнда отырықшылық пен қолөнердің жақсы деңгейде дамығанын көрсетіп берді. Сол сияқты мықты ірі бекіністер мен мешіттердің, бай қабірлердің табылуы қалашықтың ірі орталықтың бірі болғандығының айқын дәлелі. Әрине, Өрнектің қалыптасып, ірі қала ретінде дамуына Ұлы Жібек жолы маңызды рөл ойнағанын аңғарамыз. Сауда жолының бойында тұрған Өрнекке де төрткүл дүниеден түрлі саудагерлер мен жиһанкездер келіп тұрғаны белгілі. Қаншама тарихи оқиғаларды, тақ таластарын, жойқын соғыстарды басынан өткерген тарихи орын еліміздің баға жетпес көне ескерткіштерінің бірі болып саналады. 2014 жылы Өрнек қалашығы ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне қосылса, 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясының» құрамына енді.

 

16. Үлкен үйік қалашығы

Қалашық І-ІХ ғасырларға жатқызылады. Ол Қызылорда облысы Қазалы ауданы Кәукей аулының батысынан әрірек жеті шақырымдай жерде орналасқан. Тарихи мәліметтерге сүйенер болсақ, осы жерлерде орта ғасыр кезеңінде «батпақты қалалар» деген атау алған қалалар шоғырланыпты. Ал оғыз кезеңінің мұндай шаһарлары Қазалы ауданының оңтүстігіндегі жоспары үшбұрышты келген түбекте жатыр. Ол қалалардың ішінде ең ірісі ретінде Кескен күйікті атаса, одан кейін Жанкент, Күйік қалалары аталады. Олардың барлығының да пішіні төртбұрышты, қабырғалар, ормен қоршалған. Әр қалашықта өзінің көлемі ірі болып келген цитаделі бар. Кескен күйік қаласын жергілікті тұрғындар «Үлкен күйік немесе Үлкен үйік» деп атап кеткен. Соған орай, тарихи деректерде ұшырасатын Бұзық қала осы Кескен күйік болуы ықтимал. Дегенмен ол қалашық Жаңақұрылыс ауылының оңтүстігінен сегіз шақырым емес, 80 шақырым жерде жатыр. Және де мерзімделуі VІІ-ІХ ғасырлар.

 

17. Сауысқандық петроглифтері

Сауысқандық петроглифтерін М.Қадырбаев пен А.Марьяшев «Қаратау жартасындағы суреттер» еңбегінде жариялап, көпшілікке таныстырған еді. 2004 жылы археолог М.Елеуов петроглифтердің нақты координаттарын зерттеп, сипаттама жасаған. Ал бұл жартастарда араға он жылдай уақытты салып, «Тараз» археологиялық ғылыми орталығы зерттеу жүргізді. Жартасқа түскен петроглифтер Сауысқандық, Бала Сауысқандық тауларының сотүстігінде, солтүстік-шығысында, солтүстік-батысында, Күркіреуіктің оң жағасындағы қыраттарда және де Сауысқандық өзенінің оң жағалауында жатыр. Жартастағы суреттерді Үлкен Сауысқандық және Бала Сауысқандық таулары арасында орналасқандықтан шартты түрде бір, екі, үш, төрт, бес деп бірнеше топқа бөліп қарастырған. Мұндағы суреттерде Қаратауды және оның айналасын қоршап жатқан табиғатта мекендейтін жан-жаунарлардың бейнесін көптеп кездестіруге болады. Сол сияқты петроглифтердің ішінде антропоморфты бейнелер, арба, аңшы сюжеттерін, солярлық таңба, «Күн басты» тіршілік иелерін ұшырастыруға болады. Аталған орын тарихи маңызы ерекшелігіне орай ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енген. Сол сияқты жергілікті және республикалық деңгейде маңызды тарихи ескерткіш ретінде қорғауға алынған.

Ruh.kz
Фото: ашық дереккөздерден
Ұнайды 1
Комментарии 0
Чтобы оставить отзыв, необходимо авторизоваться