Қорқыт ата кесенесі
Мәдени мұра
5 / 36 пікір
Қызылорда облысы,
45.6219, 63.9108
Сипаттама

Ерекше сәулетімен алыстан менмұндалап тұратын баба кесенесі рухани дүниенің есігі іспетті. Қобыздың үні сарнаған Қорқыт ата кесенесі адамзатқа күйбең тірліктің шеңберінен шығуды, әрбір сәттің құнды екенін бағалай білуді еске салып тұрғандай. Қорқыттың мәңгілік өмір дегені де қайталанбас уақытты қадірлеп, келешекке өнер, руханият арқылы өшпес із қалдыру болса керек-ті.

Әлемге аты мәшһүр Қорқыт ата мемориалды кешені Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы Жосалы кентінің солтүстік-батысындағы 18 шақырым жердегі Қорқыт станциясына жақын табиғи төбе үстінде орналасқан. Коммунистік партияның асқақтап тұрған шағында сол кезеңдегі аудан басшысы Елеу Көшербаев осы кешенді тұрғызуға ерекше ықпал жасаған еді. Соның нәтижесінде кешен құрылысы 1980 жылы архитектор Б.Ә.Ибраев пен физик-акустик С.И.Исатаевтың жобасымен басталған.

1997 жылы ескерткішті қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, амфитеатр, қылует, қошқар мүсінінен тұратын тұтас сәулеттік ансамбль жасалған. Ал 2000 жылы кешен жанынан Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде Қорқыт ата музейі ашылды. Музей қорында Қорқыт ата туралы материалдармен қамтамасыз етілген 2500-ге жуық экспонат сақталған. Онда Қорқыт ата өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениеті жайлы ауқымды мәлімет қоры бар.

Кешеннің жаңа тынысы

2014 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен Қорқыт ата мемориалды кешеніне көркемдік деңгейі жоғары, тарихи-мифологиялық мән-мазмұны терең, архитектуралық шешімі заманауи талаптарға сай соңғы үлгіде жасалған берік құрылыс материалдарынан қайта жаңғырту жұмыстары (реконструкция) жүргізілді. Кешеннің аумағы ұлғайтылып, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жасалған. Мұндағы ғимараттар қазіргі заман талабына сай үлкейтілген. Кешендегі басты ескерткіш – қобыз 8 метрден 12,1 метрге биіктеді. Кешенде жаңадан әкімшілік ғимараты салынып, қызметкерлер қатары да артқан. Бұл Қорқыт ата кешенінің бүгінгі архитектуралық кесенесін әлемге таныту, оны дүниежүзілік туристік орталыққа айналдыра отырып, әлемнің әр түкпірінен Сыр еліне келген қонақтарға Түркі өркениетін кеңінен насихаттау үшін жасалған өзгерістер болатын.

Олжас Бегалиев, Қорқыт ата мемориалды музейінің ғылыми қызметкері:

– Кешен аумағында орнатылған қобыз ескерткіші төрт элементтен тұрады. Әрбір стела әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін көрсетеді. Оның түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Аңыздарда айтылған тәрізді Қорқыт ата мазарында соққан желге үн қосатын қобыз қойылған.
Кешендегі ерекше ескерткіштің бірі – қошқар мүсіні. Қошқар ежелгі арии мен қазақ мифологиясында Көктәңірінің олжасы мен теріс күштерден қорғаушы символ болып саналады. Сондықтан мүсін қошқар бейнесі мен сақ грифінің – гриф басы, арқасындағы қанаты, аяғы сфинкске ұқсас жиынтығы күрделі сипаттамадан тұрады.
Ал кешендегі амфитеатр көне Рим дәуіріндегі архитектуралық құрылыс үлгісінде салынған. Ол түрлі ойындар мен сайыстарды тамашалайтын орын. Амфитеатрдың ортасында дөңгелек алаң бар. Көрермендерге арналған орындар тұйық шеңберленіп келіп, сатылап көтеріле береді. Бүкіл түркі тілдес елдер арасында өтетін «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты өнер фестивалі дәстүрлі түрде екі жылда бір рет кешеннің амфитеатрында өтеді.


Мақала авторы - Сағира Уәли

Дереккөз: el.kz

Пікірлер
5 / 0 пікір
пікір қалдыру
Сонымен қатар
0 / 0 пікір
Мәдени мұра

Қазақ даласындағы ең көне орындардың бірі – Сарайшық қаласы.

4 / 0 пікір
Мәдени мұра

19 ғасырдағы қазақтың ұлы ақыны, еркін ойлы мен көтеріліс рухтандырушысы Махамбет Өтемісұлының жерленген жері Атырау облысының Индер ауданы, Индербор ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 40 шақырымдағы жерде орналасқан.

5 / 2 отзыва
Мәдени мұра

Атырау облысы мәдени сәулет ескерткіштеріне бай, солардың бірі - Жұбан Кесенесі.

0 / 0 пікір
Мәдени мұра

Сенек қорығы - 17 – 20 ғасырлардағы сәулет ескерткіші.

0 / 0 пікір
Мәдени мұра

Атырау қаласының орталығында Исатай Тайманов көшесінде басты алаңнан бірнеше адым жерде қаладағы ескі және ең әдемі сәулет өнерінің ескерткіштерінің бірі – Успендік соборы орналасқан.

0 / 0 пікір
Мәдени мұра

Тек Атырау қаласының ғана емес, сонымен қатар бүкіл Атырау облысының мәдени өмірінде жетекші орындардың біріне Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театры ие болып табылады.