Қаратау шимайлы тастары, Қаратау петроглифтері – қола дәуірі мен орта ғасыр аралығында тастарға шекілген суреттер.
Қаратаудың шатқалдары мен сайларында (Қойбағар, Арпаөзен, Майдамтал, Үлкентұра, Қысан, Жыңғылшақ, Ақсу-Жабағылы қорығы, Қошқарата, Габаевка, Ранг, Сүйіндіксай, т.б.) көптеп ұшырасады. 20 ғасырдың басында Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің мүшелері бастаған зерттеу жұмыстары әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Оларды зерттеуге М.Қадырбаев, А.Н. Марьяшев, З.Самашев, т.б. археологтар көп үлес қосты. Ғылым айналымға енген суреттер саны бірнеше мың. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы ауданы Абай қыстағының оңтүстік-батысындағы 7 км жердегі Арпаөзен таңбалы тастарындағы суреттердің саны 3,5 мың. Осы аудандағы Сызған елді мекенінен 8 км оңтүстік-батыстағы Қойбағар таңбалы тастарындағы суреттер саны да осындай.
Созақ а-нан 30 км оңтүстікте орналасқан Қошқарата шимайлы тастарындағы, Бурное станциясынан 27 км солтүстік-шығыстағы Габаевка петроглифтері де бірнеше жүз сюжеттерден тұрады. Қаратау шимайлы тастары тік, қия жартастар мен ірілі-ұсақты қой тастарға қашап салынған. Олар көшпелі тайпалардың салт-санасын, діни түсініктері мен ырымдарын, әдет-ғұрпын білдіреді. Қаратау шимайлы тастарында аңдар мен хайуанаттардың нобайлары, байлық пен күштің символын білдіретін түйе кескіні, аңшылық көріністері (таутекеге ит қосу, садақпен аңға шығу, құс аулау), батырлар жекпе-жегі (қылыштасу, сойылдасу) басты орын алған. Қола дәуірі петроглифтерінің арасында соғыс арбасын бейнелеу де кеңінен таралған. Қаратау шимайлы тастарындағы суреттерде соғыс арбалары 49 жерде кездеседі. Мұндай бедерлер Жетісудағы Таңбалы, Ешкіөлмес, т.б. жерлерде де ұшырасады.
Олардың бәрі бір мәнерде, арба бөлшектеліп, доңғалақтары алынып, оның екі жағына қойылған тәрізді етіп салынған. Оларға жегілген – аттар, түйелер сирек ұшырасады. Қаратауды мекендеген көшпелі тайпалар аң мен хайуанаттарды ерекше қадір тұтып, оларды киелі деп, тәңірі, пір санағандығын да аңғаруға болады. Қазақ халқының төрт түлік мал иелерін (Шопан ата, Зеңгі Баба, т.б.) пір тұтуы да ежелден келе жатқан наным-сенім екені мәлім. Бұл өлкеде кездесетін көптеген суреттер мал өсірумен тығыз байланысты. Қаратау шимайлы тастары жергілікті халықтың ежелгі рухани өмірін көрсететін ерекше мәдени ескерткіштер ретінде бағаланады.
Дереккөздер
“Тараз энциклопедиясы”
Жетісудың ең көне ескерткіштерінің бірі.
Қазақстан, әрі Орта Азиядағы Әлемдік мұра тізіміне бірінші болып енген табиғи нысан.
Ұлытау - Сарыарқаның оңтүстік-батысындағы аласа таулы массив.
Іле Алатауының әсем ландшафтарын қорғау, өсімдік жамылғысы мен жануарлар әлемін сақтау, туризмді дамыту мақсатында ұйымдастырылған.
Жетісу Алатауының оңтүстік сілемдерінің арасында орналасқан ұлттық табиғи саябақ.
Талас Алатауының (Батыс Тянь-Шань) солтүстік-батыс бөлігін және Өгем жотасын алып жатқан Қазақстандағы тұңғыш қорық.