«Сисем-ата қорымы» – Маңғыстаудағы ең ірі және ежелгі қорымдардың бірі. Сай-Өтес елді мекенінен 30 шм солтүстік бағытта, батыс Үстірт шыңдары аймағындағы қыстау-құдықтар мен ежелгі керуен жолдары бойында орналасқан.
Қорымның негізгі бөлігі Сисем-ата қабірінің айналасында топталған. Ел аузында аңыздарда Сисем-ата – орта ғасырларда оғыз-қыпшақ кезеңінде ғұмыр кешкен ислам дінін алғашқы уағыздаушыларының бірі. Осы кезеңмен Сисем-ата тас қабірінің күйретінділерінен өзге қорымдағы тас дулыға мүсіні және қару-жарақ бейнеленген құлпытастар да меңзейді, себебі олар өлкедегі ноғай-қыпшақ дәуірінің әскери-саяси оқиғаларымен байланысты.
«Сисем-ата қорымы» дәстүрлі діни-мемориалдық сәулет және тас өңдеу өнерінің озық үлгілері топталған ерекше кешен. Маңғыстау және Үстірт өңіріне тән «Сисем-ата қорымы» аймақтағы ежелгі қорымдардың арасында сақталу деңгейімен ерекше. Қорымның солтүстік оңтүстікке қарай дамыған, XIX ғасырдан бастап ежелгі бөлігінің айналасын қоршап овал тәрізді аумағы үлкейе берген. Діни-мемориалдық кешенінде тас ою өнерінің алуан түрлері кеңінен шоғырланған. Зәулім күмбезтамдардың қасындағы қарапайым тас белгілер, үйінділер жанында - әсем ою-өрнекпен нақышталған, сапқа тұрғызғандай құлпытастар қорымның сәулет ансамблінің қайталанбас келбетін қалыптастырады. Сисем-ата қорымы - өлкені мекендеген көшпелілердің сәулет дәстүрлері, діни дүниетанымдары, әлеуметтік-саяси даму үрдістерінен деректі мағлұмат алынатын құнды ескерткіш.
Сисем-ата қорымы - батырлар пантеоны: мұнда Адай тайпасының асыл ұлдары, ардақты азаматтары, халық каһармандары Қонай батыр Кенжеұлы, Есенұлы Сейіт би, Ырысалыұлы Жанұзақ батыр, Төлеп батыр Әнетұлы, Жары Сүйінқара би-батыр Үргешбайұлы, Төлепұлы Мамбетнияз би-болыс, Байбоз Боққараұлы, ру басылары Жанбозұлдары Өтеулі, Жаманқара, Матай, Өтеғұл Зорбайұлы, Адайдың 3 назарының бірі Ескелді Саназар Құдайназарұлы, бай-сақи болған Бегей Дәуілдір Қозыбақұлы, Сеңгір Дәуілдірұлы, Жарылғап Сеңгірұлы, Назар Жарыұлының атақты 4 баласы (Шотан батыр, Тастемір бай, Майлан, Құдайберген), Қаржау Төлекеұлы, Қожаназар бай Жаңайұлы, Әнет би Текейұлы, т.б. мәңгілік қоныс тепкен. Маңғыстау өңіріндегі ХVIII ғ. - ХХ ғ. басы - дәстүрлі қазақ сәулет өнерінің аса дамыған кезеңі. Өресі биік, өрісі кең өнердің көрнекті туындылары қатарындағы бірқатар сағана-күмбездерді өлкемізге белгілі «тастан түйін түйген» шебер Жылқыбай Доралұлы және Тұрлымұрат Сатыбалдыұлы, Сақи ұлдары Дүйсенбай, Ордабай, Еңсе, Қозыбақ, т.б. жергілікті халық сәулетшілері тұрғызғаны белгілі.
«Сисем-ата» тарихи-сәулет кешеніне 1977 жылы Казақ ССР Мәдениет Министрлігінің архитекторлар тобы А. Итенов, 1979 жылы М. Нұрқабаев жетекшілік етуімен өткізілген экспедициялар барысында зерттеу жұмыстары жүргізілген. 1982 жылдан бері Сисем-ата қорымы республикалық мәртебеде мемлекеттік есеп пен қорғауға қабылданды. Есепке алынып, құжаттандырылған 1328 сәулет пішіндерінің ішінде –
24 күмбезді там,
138 сағанатам,
81 құлпытас,
159 қойтас,
1 қошқартас,
129 сандықтастар,
133 тас қоршаулар,
3 бедерлі тастар,
70 тас үйінтілер
236 тас белгілер,
286 әртүрлі кіші сәулет пішіндерінен құралған композициялары, өзге де қабірүсті ескерткіштер түрлері топталған .
2005 - 2010 жылдар аралығында ескерткіште жопарлы түрде кешенді ғылыми-зерттеу және ғылыми реставрация жұмыстары өткізді. 2008 жылы қорымның эпиграфикалық ескерткіштерін Шығыстану институтының жетекші мамандары А.Муминов, А.Нұрманова ғылыми зерттеді. 2006-2010 жж. қорымдағы 158 үлкен-кіші сәулет пішіндері қалпына келтірілді. Бұл ғылыми-реставрация жұмыстарды жобалаған «Нұрмакс+», ғылыми жетекшісі М.Нұрқабаев және «Кумбез», жетекшісі Т.Төреқұлов, арнайы маманданған ғылыми реставрациялық және жобалау шеберханалары, орындаушы – республикадағы тәжірибелі шеберханалардың бірі «Маңғыстауреставрация» ЖШС, жетекшілік өткізген Қ.Озғамбаев) 2010 жылы қорымның ескі бөлігіне археолог А.Астафьевтың жетекшілігімен археологиялық зерттеу жұмыстары өткізілді. Осы жылы қорымның қоршаған ортасында топографиялық түсірілімдер мен ландшафттық сараптама жасалып, «Сисем-ата қорымы» ескерткішінің негізгі жоспары, жаңғыртылды қорғау аймағы, құрылысы реттелетін аймағы, қорғалатын табиғи ландшафт аймақтары жобаланды, оларды пайдалану режимі анықталды («Кумбез» АМҒРЖ ЖШС, Т.Төреқұлов). Қазіргі таңда қорғалатын аймақтарының шекаралары заң жүзінде бекітіліп, қолданысқа енгізілуде.
Қазақ даласындағы ең көне орындардың бірі – Сарайшық қаласы.
19 ғасырдағы қазақтың ұлы ақыны, еркін ойлы мен көтеріліс рухтандырушысы Махамбет Өтемісұлының жерленген жері Атырау облысының Индер ауданы, Индербор ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 40 шақырымдағы жерде орналасқан.
Атырау облысы мәдени сәулет ескерткіштеріне бай, солардың бірі - Жұбан Кесенесі.
Атырау қаласының орталығында Исатай Тайманов көшесінде басты алаңнан бірнеше адым жерде қаладағы ескі және ең әдемі сәулет өнерінің ескерткіштерінің бірі – Успендік соборы орналасқан.
Тек Атырау қаласының ғана емес, сонымен қатар бүкіл Атырау облысының мәдени өмірінде жетекші орындардың біріне Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театры ие болып табылады.