Қазақ тарихында ойып алар өзіндік орны бар тарихи оқиғаларға толы аса бір тартысты кезең Жоңғар хандығының (1635-1757) жойылар тұсы болып табылады. Ойрат феодалдары арасындағы таққа таласудан туындаған бүлікті өз ырқына тиімді пайдалана білген Абылай сұлтанның көреген саясатымен, бабаларының көне жұрты жерлеріне қайтадан иелік ету мақсатындағы батыр бабаларымыздың жеңіске ұмтылған қанды жорықтары жайлы ел ауызындағы тарихи аңыз әңгімелермен қатар, аталған кезеңге қатысты арнайы қатталған жазбалар Ресей империясы, Цин патшалығы мұрағаттарында көптеп сақталынған-ды. Мұрағат істерінің ашылған беттерін негізге ала отырып жазылған ғылыми еңбектер де жетерлік. Десек те, осы бір шиеленіскен кезеңнің шынайы келбеті әлі де толыққанды зерттеулерді қажет ететіндігі сөзсіз.
Аталған кезеңде тарих сахнасына шығып есімі ел есінде қалған кесек тұлғалардың бірі – аталық шежіресі он екі атадан тұратын Абақ керейлерінің Шұбарайғыр тармағынан тарайтын батыр – Қожаберген Жәнібекұлы (1698-785) болып табылады.
1756-1767 жылдар аралығында қалыптасқан Цин патшалық мұрағат құжаттары негізінде аталмыш тұлғамен, Жоңғар хандығының соңғы қоңтайшысы, хойт нояны Әмірсанаға қатысты қазақ билігіндегілерінің ұстанымдары, одан кейінгі уақыттағы Абылай сұлтан билігіндегі орта жүз рулары мекендеп жүрген жерімен, сауда және дипломатиялық қарым-қатынастары жайлы қазақ-қалмақ, цин-қазақ арасындағы жағдайларға қатысты көптеген тарихи құжаттарды мәнжу-қытай тілдерінен аудара отырып ғылыми айналымға енгізген т.ғ.д. Б.Еженханұлының «Қожаберген батыр. 2017ж. Алматы» еңбегі аталған он бір жыл аралығында орын алған түрлі оқиғалардан тарихи тың мағлұматтар бере отырып, ресей дереккөздері негізінде жазылған А.И.Левшиннің «Описание-казачьих или киргиз-кайсацких, орд и степей. Алматы 1996», В.А.Моисеевтің «Джунгарское ханство и казахи XVII-XVIII в.в..Алматы 1991» т.б. авторлардың жазбаларымен сол кезеңдегі оқиғаларды сабақтастыра қарастыруға мүмкіндік тудырады.
Астана қаласында 2018 жылы Қожаберген Жәнібекұлының 320 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы дала батырлары» дәстүрлі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдар жинағында аталған тұлғаның жүріп өткен жолы жайлы көптеген деректер талқыланған.
Алдағы уақытта ізденімпаз ғалымдар еңбегінің нәтижесінде осы бір күрделі кезеңге қатысты тарихтың тың беттері ашылып сан алуан деректермен толыға түсері сөзсіз.
Ерте кезеңнен бері ел басқарған көсемдер, даңқты жауынгерлер, бақсы-балгерлер т.т. жерлеу ғұрпына аса мән берілгендігі археологиялық қазба нәтижелерінен аян. Құрбандыққа жылқылар шалынып, мініс тұлпарларымен қоса жерленгендігін, батыр бабаларының рухына арнап тастан мүсін қашатқандығын арнайы зерттеулер растайды. Бабалары сүйегі жатқан жерлерді кие тұту ертеден келе жатқан үрдіс болып табылады. Кей жағдайда аталарының басы жатқан жер белгілі бір рудың көшіп-қону аймағының шекарасын аңғартқан кездері де болғандығы белгілі. «Атаңның басы бар ма?!» деген түсінік сол кезеңдерде қалыптасқан-ды.
Жаугершілік заманда жауға шапқанда аруақты бабаларының атын атап ұрандап шабу үрдісі бертінгі этнографиялық кезеңдегі ат жарысы, балуандық өнерлер тағы басқа жағдайларға шекті жалғасып келген. Ұрпақтары тегінде бар текті аталарын пір тұтып, бабаларының жатқан жерін, аталық шежіресін жатқа соғып, атадан балаға аманаттап қалдырып отырған. Сеңдей соқтығыстырған қилы замандар, солақай саясаттар нәтижесінде білгендерімізден айырылып ата-тектен шатасар күнді де бастан өткіздік. Аталар арманы болған тәуелсіздіктің ақ таңы туып, тарихымызға бабаларымыздың қиын-қыстау күн кешіп жүріп өткен жолдарына жаңаша өзіндік көзқараспен қарап, жоғымыз табылып барымыз бүтінделе түсуде.
Түпкі ойлары қазақтың біртұтастығы мен амандығы, іргесінің бүтіндігі жолында жанын құрбан еткен ерлердің еңбегіне тереңірек зерттеулер жүргізіп, сүйегі жатқан жерлерін тауып, рухына тағзым ету ұрпақтар алдындағы азаматтық борыш болып табылады.
Осы мақсатта, есімі шұбарайғыр руының ұраны болған Қожаберген батыр сүйегі жатқан жер бабалық шежірелер болжамы ізімен және тарихи нақтылы жазба деректерге сүйене отырып іздестірілген-ді. Шетте жүрген ұрпақтарының есінде қалған шежіре деректері батырдың сүйегі «орыс жеріндегі Қалбаны жайлап, Ертісті күзеп, Тарбағатайды қыстап» жүрген тұста қалғандығын меңзейді.
Жоғарыда аталған «Қожаберген батыр» еңбегінде иелігінде керей елінің бір мың түтіні бар Қожаберген және тағы басқа батырлардың дереккөзде көрсетілген уақыт аралығында Цин шекара қызметін атқарушылардың қоқан-лоқысы бола тұрған күннің өзінде де Тарбағатай тауының теріскейі мен күнгейінде, Зайсан көлінің маңындағы жайылымдық жерлерде көшіп жүргендігі жайлы деректер көптеп кезігеді.
1771 жылы Өскемен бекінісінен Ертіс өзенінің арғы бетіндегі Шар-Гурбан өзеніне және аталған өзеннің жоғарғы жағындағы Бұланай немесе Ұлыны аталатын жотаға, одан ары Бөкен, Шегелек өзендерінің жоғары жағындағы шатқалдар мен тағы басқа жайттардың кейбіріне құпия тыңшылық жүргізуге жіберілген казак атаманы Волошин басшылығындағы топтың күнделік деректерінде «...шілденің 9-күні Қарасу өзенінде түнеп шығып, таңғы алтылар шамасында тегісті келген тау беткейімен жүрісімді жалғастырдым, ол арадан ұзағаннан соң, қолымның сол жағындағы жерлері жазықты болып келетін бір қырды асып сай арқылы Шар-Гурбан өзені ағып жатқан алқапқа шығып, сол арқылы Қызылжар аталатын тастақты жерге бардым. Ол жерде керей болысының старшыны Қожаберген батырға қарасты ұлыстары көшіп жүр екен. Олардан өткен соң бес верстай жер жүріп, аталған өзеннің бойына тынығуға тоқтадым және сол арада жүрген екі старшын Аралбай батыр мен Қазыбек батырды өзіме шақырдым, оларға өзімнің арнайы жіберілгендігімді және барар бағытымды айта отырып, сөз арасында бүлікшіл-қалмақтар (бұл арада Еділден қашқан қалмақтар жайлы айтып отыр. С.С.), қытай мен қазақтардың кен орындарын іздестіруі жайлы ақпараттарына барлау жасадым».[2]
Аталған деректен 1771 жылдың шілдесінде Қалба жотасының солтүстік-батыс сілемі Қызылжар тауы бөктерімен Шар-Гурбан өзені бойында керейдің Қожаберген батырымен қатар Қазыбек, Аралбай сынды старшындар өздеріне қарасты түтіндерімен жаз жайлап жатқандығын аңғаруға болады.
ⅩⅨ ғасырдың бас кезінде сызылған «Омбы әскери округінің ірі масштабтағы әскери-топографиялық картасы» жер-су атауларының сол кездегі атаулары және де кейбір танымал адамдардың бейіттері көрсетілуімен құндылығын білдіреді.
Мұрын елінің негізгі құрамы «...1790 жылдың аяғында Ханқожа сұлтанның Шыңғыстауды қырық жылдан аса уақыт мекендеген мұрын-наймандарын, Бопы сұлтанмен арадағы келіспеушіліктен өзгелерінен бөліп алып, Қытай шекарасына қарай Зайсан көлінің маңындағы жеті өзен бойына қоныс аударған» [3] тұста жолымбет атасының бір тармағы жанай руын аталған өлкеге қоныстандырған Есенаман батырдың зираты ескі Қарғыба арнасы бойында тұрғандығы жоғарыдағы картада көрсетілген. Ол кезеңді Қоқаш қажының:
«Қарасу құр Қарғыба қалды Көкен, Ханқожа, Есенаман қылған мекен»,–деп жырлағандығын ұрпақтары аталған батыр басына қойған тасқа жазыпты.
Жүргізілген ізденістермен этнографиялық сауалнамалар нәтижесін жүйелей келгенде Қожаберген батыр зираты ШҚО, Тарбағатай ауданына қарасты Танамырза елді-мекенінің шығысынан ағып өтер жаңа Қарғыба өзенінің оң жақ қабағындағы жардың үстінен табылып отыр.
Мақаламыздың тақырыбындағы цин императоры Цян-лунның (1736-1795) беделін Абылай мен Қабанбайдан кейінгі іс басқаратын батырларының бірі ретінде таныған, Абылай сұлтанның сенімді серігі болып есімі кең көлемде ел есінде сақталған кесек тұлғаның кесенесі шығыстың киелі жерлері картасының қатарын толықтыра түсетіндігіне еш күмән жоқ.
Әдебиеттер:
1. Еженханұлы Б. «Қожаберген батыр», Алматы-2017ж.,185 бет.
2. «Путевые дневники и записки российских чиновников и исследователей о Казахской степи ⅩⅤⅢ-середины ⅩⅨ века», Астана-2012ж., 13 бет.
3. И.Г.Андреев «Описание Средней орды киргиз-кайсаков», Алматы-1998ж., 19 бет.
С. Садықов,
Ғылыми ізденуші,
Ә. Марғұлан атындағы археология институты, Алматы
Дереккөз: el.kz
I like 0